А.Мамин Ашхабадта Түркіменстан президентімен кездесті

ҚР Премьер-Министрінің Бірінші Орынбасары Асқар Мамин Ашхабадта өткен Қазақстан-Түрікменстан үкіметаралық комиссиясының 9-шы отырысына қатысты, деп хабарлады primeminister.kz.

Іссапар кезінде А.Мамин Түрікменстан Президенті Г.Бердімұхамедовпен кездесіп, экономика, ғылыми-техника және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Түрікменстан үкіметаралық комиссиясының 9-шы отырысына қатысты.

Президент Г.Бердімұхамедовпен әңгімелесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың барлық спектрлері бойынша ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.

ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары А.Мамин ҮАК отырысы Түрікменстан Президентінің 18-19 сәуір күндері Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарынан кейін бірден өткізіліп отырғанын айтты. Бұл сапар ынтымақтастықты тереңдетіп, әрі қарай дамуға зор серпін берді.

Тараптар көлік инфрақұрылымы мен ортақ шекараның болуы, екі мемлекет арасында өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік беретінін және екіжақты сауданы дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсау керектігін атап өтті.

2016 жылы сыртқы сауда айналымы 2015 жылмен салыстырғанда 59%-ға ұлғайып, 283,5 млн АҚШ долларын құрады.

Тараптар Түрікменстан Президентінің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды, оның ішінде орта мерзімді перспективада тауар айналымын 1 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу қажеттігін баса айтты.

Түрікменстан Президенті Г.Бердімұхамедов Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесіне белсене қатысуға ниетті екенін білдірді.

Дәл сол күні Ашхабадта ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары А.Мамин мен Түрікменстанның Министрлер кабинеті Төрағасының орынбасары Б.Аннамередовтың төрағалығымен экономика, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Түрікменстан үкіметаралық комиссиясының 9-шы отырысы өтті.

ҮАК-нің 9-шы отырысының қатысушылары бұрын қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылуын талқылап, отын-энергетика секторы, көліктік-коммуникациялық, ғарыш саласы, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, білім және мәдениет салаларында ынтымақтастықты одан әрі дамытудың нақты шараларын атап өтті.

Отырыста сауда-экономикалық байланыстар, экспорттық-импорттық операциялар көлемін ұлғайту, жеткізілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтер көлемін арттырып, номенклатурасын кеңейту арқылы экономикалық ынтымақтастықты нығайтып, қолданыстағы шарттық-құқықтық базаны жетілдіру қажеттілігі айтылды.

Қазақстандық компаниялардың Ашхабад – Ауғанстан шекарасындағы жол учаскесінің құрылысына қатысуға, 243 шақырымды құрайтын (31,6 тонна рельс, бағыттауыш бұрмалар) Түркменабад – Мары теміржол учаскесін жаңғыртуға, сондай-ақ Фарап қаласындағы рельс-дәнекерлеу кәсіпорны мен Сердар қаласындағы вагон жөндеу зауытын жаңғыртуға қатысу туралы алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілді.

Бұдан бөлек, тараптар Түрікменстан үшін ғарыш аппараттарының құрылыс жобасын талқылап, ғарыш саласында мамандарды даярлау туралы, Маңғыстау облысы мен Балқан уәлаятында шекаралас сауда аймағын құру, Аралды құтқару халықаралық ұйымы аясында ынтымақтастықты нығайту жайында сөз қозғады.

Отырыс қорытындысы бойынша Хаттама қабылданды.

 

Back to top button