251
ҚР Әділет министрі қазақ тілінен қосымша сабақ алуда
ҚР Әділет министрі қазақ тілінен қосымша сабақ алуда
ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев қазақ тілін жетік меңгеру үшін сабақ алып жүргенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атап айтқанда, бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заң жобасы таныстырылғаннан кейін Әділет министрі тілшілердің бірқатар сұрақтарына жауап берді. Соның бірі министрдің мемлекеттік тілді толық меңгеруіне қатысты болды. «Сіз қазақ тілінде еркін сөйлеу үшін өзіңізді жетілдіріп, сабақ алып жатсыз ба? Бізге қашан мемлекеттік тілде толық жауап бересіз?», - деп сұрады тілшілер ведомство басшысы Бекетаевтан. «Бір жылдың ішінде толық меңгеріп шығамын. Қазір аптасына үш рет сабақ алып жүрмін. Ауылға барған кезде тұрғындармен, туыстарыммен тек қазақша сөйлесемін. Бұл бағытта жақсы тәжірибе алып жатырмын», - деді министр.
Естеріңізге сала кетейік, биыл қаңтар айында Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы барысында тілшілер сауалына жауап берген ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов таяу уақытта қазақ тілінде жетік сөйлейтінін айтқан болатын. Жаңадан тағайындалған министр журналистерге сұхбаты барысында Мәскеуде жұмыс істеген жылдар ішінде қазақ тілін ұмытыңқырағанын жеткізген еді. «Мәскеуде 5 жылғы қызметім барысында өз ана тілімді ұмытыппын. Бірақ та, алты айдың ішінде қайта меңгеріп шығамын», - деді Сүлейменов.