Жамбылдық дәрігерлер 2 жасар баланың ішінен 12 сантиметрлік бөгде зат алып шықты

/
Жамбылдық дәрігерлер 2 жасар баланың ішінен 12 сантиметрлік бөгде зат алып шықты
Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы

Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының хирургтері 2,5 жастағы балаға күрделі операция жасап, асқазанында пайда болған сирек кездесетін түзілісті алып тастады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тексеру барысында баланың асқазанынан безоар анықталған. Бұл — асқазанда қорытылуы қиын немесе қорытылмайтын заттардың жиналуынан түзілетін тығыз түзіліс. Балаларда оның пайда болуына өсімдік талшықтары, дәндер мен қабықтар, сондай-ақ шаш пен жіп секілді бөгде заттарды жұту себеп болуы мүмкін.

Операция кезінде ұзындығы шамамен 10–12 сантиметр, ені 7–9 сантиметрге жуық безоар толық алынды. Хирургиялық араласуды Эльбрус Салпагаров пен Алимжан Аукенов орындады. Дер кезінде жүргізілген диагностика мен хирургиялық көмек баланың жағдайын асқындырмай, қажетті емді уақытылы жүргізуге мүмкіндік берді.

Операциядан кейін баланың жағдайы тұрақталып, қажетті медициналық бақылаудан өтті. Қазір оның жағдайы жақсы, емдеу курсы аяқталып, үйіне шығарылды.

Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайдың алдын алуда ата-ананың балаға бақылауы маңызды. Балада іштің ауыруы, тәбеттің төмендеуі, құсу сияқты белгілер байқалса, медициналық көмекке дер кезінде жүгінген жөн.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар