"Күшті болып ораламын": 2 жылға сотталған Нұрсұлтан Жақсыген балаларына әсерлі жазба арнады

/
"Күшті болып ораламын": 2 жылға сотталған Нұрсұлтан Жақсыген балаларына әсерлі жазба арнады
instagram.com/nursultan_zhaksygen

Актер әрі блогер Нұрсұлтан Жақсыген әлеуметтік желідегі парақшасында оқырмандарына үндеу жасады. Бұл жазба оған қатысты сот үкімі шыққан күні жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жақсыген TikTok парақшасында өзін қолдап, дұға тілеп жатқан жандарға алғыс білдіріп, бұл кезеңнің де өтетінін жазған.

"Бәрі уақытша, балапандарым. Алла қаласа, күшті болып ораламын! Жақсы көремін сендерді… Бұл да өткінші нәрсе, дұғаларыңызға ризамын. Иншалла, бәрі жақсы болады. Алла осылай қаласа, бір қайыр бар", – деп жазды Нұрсұлтан Жақсыген.

16 қыркүйекте Алматы облысының Қарасай аудандық соты Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты үкім шығарды. Сот оны Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы – масс-медиа, телекоммуникация желілері және онлайн-платформалар арқылы көрінеу жалған ақпарат тарату бойынша кінәлі деп таныды. Оған 2 жыл 3 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, сот залында қамауға алынды.

Сот мәліметінше, іс Жақсыген мен оның бұрынғы азаматтық жұбайы арасындағы жанжалға байланысты қозғалған. Қылмыстық қудалау органы актерді әлеуметтік желілерде жәбірленушінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәліметтер таратты деп айыптаған. Сот бұл әрекет жәбірленушінің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірді деген қорытындыға келген. 

Сонымен қатар Жақсыгенге 5 жыл бойы журналистік, блогерлік және көпшілікке ақпарат таратуға байланысты өзге де жария қызметпен айналысуға тыйым салынды. Сот жәбірленушінің азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, оның пайдасына 5 миллион теңге моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарды. 

Алайда сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Нұрсұлтан Жақсыгеннің адвокаты Тілеужан Кішкенебаев үкіммен келіспейтінін айтып, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді. Қорғаушы тарап даулы әлеуметтік желі парақшаларының Жақсыгенге тиесілі екенін анықтау үшін қосымша сараптама жүргізуді сұрағанын, алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмағанын айтқан. 

Ал жәбірленуші Фариза Сабырәлиева үкімнен кейін өзін "үстінен ауыр жүк түскендей" сезінгенін айтып, сот шешіміне қатысты пікір білдірді

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары