Ақтөбе облысында теміржол өткелінде жүк көлігі мен тепловоз соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүк көлігінің жүргізушісі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, деп turkystan.kz тілшісі diapazon.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 16 қыркүйекте "Қарабұтақ – Қостанай" облыстық маңызы бар автожолында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, жүк көлігі теміржол өткелінде тепловозбен соқтығысқан. Жүргізуші жеңіл дене жарақаттарын алып, аудандық ауруханаға жеткізілді. Басқа зардап шеккендер жоқ.
Ақтөбе облысы Полиция департаментінің хабарлауынша, апаттан кейін аталған жол учаскесіндегі көлік қозғалысы уақытша шектелген.
"Қазіргі уақытта тиісті қызметтер оқиға орнында жұмыс істеп, жүру бөлігін босату және қозғалысты қалпына келтіру шараларын қабылдауда", – деп мәлімдеді полицияның баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшылары жүргізушілерге теміржол өткелдерінен өтерде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, бағдаршам белгілері мен шлагбаумға ерекше назар аударуды ескертті.