Ақтөбе тұрғыны өзін көлік қағып кеткендей көрсетіп, жүргізушілерден ақша алған (ВИДЕО)

/
Ақтөбе тұрғыны өзін көлік қағып кеткендей көрсетіп, жүргізушілерден ақша алған (ВИДЕО)
Polisia.kz

Ақтөбеде ер адам жүргізушілерді алдаудың ерекше тәсілін ойлап тапқан. Ол жаяу жүргіншілер өткелінде өзін көлік қағып кеткендей көрсетіп, жол-көлік оқиғасының көрінісін ойнаған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жиенбаев және Ташкент көшелерінің қиылысындағы жаяу жүргіншілер өткелінде ер адам өзін көлік қағып кеткендей кейіп танытқан. Кейін жүргізушілерге жол-көлік оқиғасы салдарынан дене жарақатын алғанын айтып, ақша талап еткен.

Тексеру барысында оның мұндай әрекетке екі рет барғаны анықталды. Оның сөзіне сенген жүргізушілер мобильді қосымша арқылы ақша аударған. Бір жағдайда 250 мың теңге, екінші жағдайда 200 мың теңге берілген. Келтірілген жалпы шығын көлемі 450 мың теңгені құрады. Жүргізушілердің бірі кейін болған жағдайға күмән келтіріп, полицияға жүгінген. Тексеру барысында ақпарат расталып, ер адамның жеке басы анықталып, күдікті ретінде танылды.

Қазір іс бойынша оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Полиция жүргізушілерге ескертеді: егер жол-көлік оқиғасынан кейін жаяу жүргінші өзіне дене жарақаты келгенін айтып, ақша талап етсе, мәселені өз бетінше шешуге тырыспау қажет. Мұндай жағдайда полиция шақырып, болған оқиғаның барлық мән-жайын ресми түрде тіркеген жөн.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар