301
Қысылтаяң сәтте қол ұшын созу – партиялық борыш
Қысылтаяң сәтте қол ұшын созу – партиялық борыш
Көктем шығып, күн жылығанда елді әбігерге салатын су тасқыны қазақстандықтарға биыл да аз зардабын тигізген жоқ. Әсіресе, қар қалың жауған өңірлердің тұрғындары көп қиындық көрді. Баспанасынан айырылып, далада қалғандардың жалғыз тірегі – қиналғанға демеу болатын қайырымды ел. Су басқан аймақ тұрғындарына қолында барымен көмектесіп, үй-жайларын қалыпқа келтіруге, тұрмыстарын түзеуге қол ұшын созған қауымның ішінде нұр-отандықтар да бар. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі партия филиалдары қайырымды істерге ұйытқы болуда.
Апта басында «Нұр Отан» партиясының «Қазақтелеком» АҚ филиалы – Қостанай ОТД бастауыш партия ұйымының бастамасымен су тасқынынан зардап шеккен партия мүшелері, Қарасу аудандық желілік-техникалық цех қызметкерлеріне көмек көрсетті.
Қарасу ауданында болған табиғи апат салдарынан желілік-техникалық цехтың қызметкерлері, партия мүшелері Арман Өтешев, Игорь Рубель, Денис Кобзардің үйлерін су басқан болатын. Бастауыш партия ұйымының төрағасы Қажымұрат Темірхановтың айтуынша, партия ұйымының бастамасымен дирекция ұжымы мен кәсіподақ ұйымы партияластарына бірден көмек беруді қолдаған. Бір апта ішінде қаржы жинап, баспаналарды түгелдей қалпына келтіру үшін қажетті құрылыс материалдары сатып алыныпты.
– Әріптестеріміз мұндай қиын жағдайға тап болғанда қол ұшын бермей қалу дұрыс емес деп ойлаймын. Жақындарымызға көмек көрсету – бұл біздің азаматтық, партиялық борышымыз. Сондықтан ұжымымыз ұйымшылдық танытып, қолдау көрсетуге әзір, – деді Қажымұрат Темірханов.
Қазіргі күні бастауыш партия ұйымының көмегімен Қарасу аудандық желілік-техникалық цехының электромонтеры Арман Өтешевтің үйін қалпына келтіруге қажет құрылыс материалдары жеткізіліп, жөндеу жұмыстары басталып та кеткен.
– Апат болған күні өз қайғымызбен өзіміз қалып қойғандай болдық. Ертеңге деген сеніміміз жоғалды. Ұжымымыз көмек көрсетуге дайын екендігін естігенімізде қатты қуандық. Әріптестеріме біздің отбасымызға қолдау көрсеткендері үшін шексіз алғысымды білдіремін, – дейді Арман Өтешев.
Су тасқынының салдарынан бастауыш партия ұйымының мүшесі Денис Кобзарьдің отбасы баспанасыз қалды. Үй қалпына келтіруге жарамсыз болғандықтан, оларға жаңа баспана сатып алуға қаржылай көмек көрсетілді.
– Бұл жан түршігерлік күн болды. Мұндай апатты енді басымызға бермесін. Ең бастысы отбасым аман. Қайғымызға ортақтасқан компания қызметкерлеріне тек алғыс айтамын, – дейді электромонтердың жұбайы Светлана Кобзарь.
Қарасу аудандық желілік-техникалық цех қызметкерлерінің отбасына бастауыш партия ұйымының мүшелері, кәсіподақ ұйымы, «Қазақтелеком» компаниясы мен барлық ұжым атынан жалпы сомасы 4 млн теңгеден астам қаржылай көмек көрсетілді.
Қостанайлық нұротандықтар да өңірдегі су тасқынынан зардап шеккендерге қол ұшын созуда. Өткен аптада «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің тапсырмасы бойынша партия мүшелері Қарасу ауданының Зеленов ауылына барды.
Облыстық мәслихат депутаттары Екатерины Смышляева мен Татьяна Булгацевич, «Нұр Отан» партиясы облыстық активінің мүшелері ауыл тұрғындарымен кездесіп, су астында қалған үйлерді аралады. Аулаларды аралау барысында барлық қажетті азық-түлік, керекті заттардың тізімі жасалды. Мысалы, дәрі-дәрмекке мұқтаж тұрғындар анықталып, жүк автокөлігімен ауылға қажетті дәрі-дәрмектер жіберілді. Сонымен қатар, бір топ облыстық мәслихат депутаттарының көмегімен 7 көпбалалы отбасыны анықтап, оларға жедел түрде азық-түлік жеткізілді.
Баспаналарды жөндеу мәселесі де біртіндеп өз шешімін табуда. Қарасу аудандық мәслихатының депутаты Батыржан Қадырбековтің көмегімен жақын арада 8 тонна құм, 2 тонна цемент ауыл тұрғындарына жеткізілді. Сондай-ақ, үйлерді кептіру үшін 20 тонна көмір бөлінді.
Ауыл тұрғындары кездесу барысында партия мүшелеріне тұқымдық картоптың қажеттілігі туралы да айтып өтті, себебі қызыл судың кесірінен бұрынғы қор бұзылған. Бұл мәселені шешу бойынша «Садовод» ШҚ директоры В.Симоненко өз үлесін қосып, ауыл тұрғындарына 1,5 тонна тұқымдық картоп берді. Партиялықтар Жамбыл ауылындағы жағдайды да бақылауға алды.
Айтып келмейтін апаттың салдарынан әбігерге түскен ел тұрғындарына көмектесу ісінен жасотандықтар да шет қалған жоқ. Солтүстікқазақстандық «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері су тасқынынан зардап шеккен Ғабит Мүсірепов ауданындағы Рузаевка ауылын қалпына келтіруге атсалысуда. Жембарақ өзені арнасынан асып, Рузаевка ауылындағы 185 тұрғын үй су астында қалды. Жедел түрде 578 ауыл тұрғыны, оның ішінде 110 бүлдіршін қауіпсіз жерге көшірілген еді.
Қазіргі күні қызыл су қаупі сейіліп, су астында қалған үйлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Рузаевка ауылында 100-ден астам «Жас Отан» жастар қанатының және жастар орталығының белсенділері төтенше жағдай салдарын жоюға көмектесті. Қалпына келтіру жұмыстарын «Жас Отан» жастар қанатының бөлімше жетекшісі Жеңіс Нұртазин басқарды.
– Оқыс оқиға туралы естіген бойда жасотандықтармен Рузаевка ауылына аттанамыз деген шешімге келдік. Біз бірнеше топқа бөлініп, әр үйге көмектесуді қолға алдық, – деді Жеңіс Нұртазин.
Жастардан құралған еңбек отрядтары ауылдағы Жембарақ, Целинное және Пушкин көшелерін бақылауға алып, қоқыстардан тазартты. Өйткені осы көше бойындағы үйлер тасыған су кесірінен ең көп зардап шегіпті.
Қарағанды облысындағы жасотандықтар да Теміртау қалалық, Қазыбек би аудандық, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ жанындағы партия филиалдарының мүшелерімен бірлесіп, Бұқар жырау ауданының Садовое ауылына барып, су тасқынынан келген зардапты жоюға атсалысты. Елуге жуық нұротандық ауыл көшелерін тасқын судың салдарынан жиналған қоқыстан тазартты. Сенбілік нәтижесінде шамамен 10 тонна күл-қоқыс жиналып, шығарылды.
Садовое ауылында 42 үйді су басқан. 300-ден аса ауыл тұрғыны көршілес жатқан Гагарин ауылына, Теміртау қаласына және тағы басқа елді мекендерге көшірілді. Үй малдары қауіпсіз жерлерге айдап шығарылды. Облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанованың айтуынша, су астында қалған елді мекендерде сенбілік жұмыстары жалғасын тауып, барлық зардап шеккен тұрғындарға қажетті көмек көрсету жұмыстары жүргізіледі.