Қазақстан құрамасы Қырғызстанда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы атанды. 32 алтын медаль жеңіп алған ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Жеңімпаздар қатарында Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінің әскери қызметкері, спорт командасының мүшесі ефрейтор Болат Сапар да бар, деп хабарлайды turkystan.kz.
Спорттағы жоғары нәтижесі үшін Болат Сапарға ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.
Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы әскери қызметкерді жоғары спорттық нәтижесімен құттықтады. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бекайдар Казкеев Болат Сапарға алдағы уақытта да толағай табыстар мен жаңа жеңістер тілеп, халықаралық спорт аренасында ел абыройын лайықты қорғауына тілек білдірді.

Ұландық жауынгер үшін бұл жеңіс кездейсоқ емес. 13–15 тамызда Мәскеуде өткен әскери қызметкерлер арасындағы әлем чемпионатында Болат Сапар Қазақстан құрамасы сапында 98 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, күміс медаль иеленді.
Бұған дейін әскери қызметкер ҚР Қорғаныс министрінің қазақ күресі мен спорттық самбодан ашық чемпионатында жеңімпаз атанған. 98 келіден жоғары салмақ дәрежесінде ол елдің үздік әскери қызметкерлері арасында көш бастап, алтын медаль жеңіп алды.

2025 жылы спортшы Сингапурда өткен жағажай самбосынан V әлем чемпионатында да Қазақстан намысын қорғады. Әлемнің 20 елінен үздіктер қатысқан байрақты бәсекеде Ұлттық ұланның әскери қызметкері қола жүлдеге ие болды.
Ұлттық ұлан әскери қызметкерлері күн сайын қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, маңызды мемлекеттік нысандарды күзету және азаматтарды қорғау міндеттерін орындайды. Сонымен қатар ұландық спортшылар ел намысын республикалық және халықаралық жарыстарда абыроймен қорғап, Қазақстанның көк байрағын биікке көтеріп келеді.
