Бокстан аты аңызға айналған әлем чемпионы 83 жасында өмірден өтті

/
Бокстан аты аңызға айналған әлем чемпионы 83 жасында өмірден өтті
Tengri Sport

Панамалық аты аңызға айналған боксшы, жеңіл салмақтағы бұрынғы абсолют әлем чемпионы Исмаэль Лагуна 83 жасында дүниеден өтті. Бұл ақпаратты Дүниежүзілік бокс қауымдастығы (WBA) растады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ұйым марқұмның отбасы мен жақындарына, сондай-ақ бүкіл бокс қауымдастығына көңіл айтты. Лагунаның өлім себебі ресми түрде жарияланған жоқ. Дегенмен оның соңғы күндері ауруханада болғаны белгілі.

Исмаэль Лагуна 1943 жылғы 28 маусымда Панаманың Колон провинциясында дүниеге келген. Табанды әрі агрессивті жұдырықтасу мәнері үшін ол "El Tigre Colonense" – "Колон жолбарысы" деген лақап атқа ие болған.

1965 жылы Лагуна Карлос Ортисті жеңіп, жеңіл салмақта абсолют әлем чемпионы атанды. Кейін ол 1970 жылы Мандо Рамосты 9-раундта нокаутқа түсіріп, әлем чемпиондығын екінші рет иеленді.

Кәсіпқой мансабында Исмаэль Лагуна 75 жекпе-жек өткізіп, 65 рет жеңіске жеткен. Оның 37-сін нокаутпен аяқтаған. Сондай-ақ 9 рет жеңіліп, бір кездесуді тең нәтижемен аяқтаған. Ол мансабында бірде-бір рет нокаутқа түспеген.

2001 жылы Исмаэль Лагуна Халықаралық бокс даңқы залына енгізілді. Ол Панама боксының "алтын дәуірін" қалыптастырған тұлғалардың бірі ретінде тарихта қалды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары