Павлодарда мотокөлік жүргізушілеріне бақылау күшейтілді

/
Павлодарда мотокөлік жүргізушілеріне бақылау күшейтілді
Polisia.kz

Павлодарда патрульдік полиция батальонының қызметкерлері тіркеусіз мотокөліктерді анықтауға және жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар жүргізіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Рейдтік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері мотокөліктердің қажетті құжаттарының болуын, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің бар-жоғын, сондай-ақ жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерінің талаптарын сақтауын тексереді.

Мәселен, қалаға қарасты кенттерде полицейлер мотокөліктерді пайдалануға байланысты 4 құқық бұзушылықтың жолын кесті. Анықталған барлық мотокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.

– Жүргізіліп жатқан іс-шаралар, ең алдымен, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Тиісті тіркеусіз және қажетті құжаттарсыз пайдаланылатын мотокөліктерді анықтауға ерекше назар аударылады, – деді Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Ғабит Азбердиев.

Полиция қызметкерлері мотокөліктердің иелерін қажетті құжаттарды уақытылы рәсімдеуге және тіркелмеген көлікпен жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарға шықпауға шақырады.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары жүргізушілерге белгіленген жылдамдық режимін сақтауды, қорғаныс құралдарын пайдалануды және жол қозғалысы ережелерінің талаптарын қатаң сақтауды еске салады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары