Түркістан облысында сот Арыста мас күйінде көлік жүргізіп, жүкті әйел мен екі баланы қағып өлтірген 52 жастағы Бибінұр Ізбасароваға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жол-көлік оқиғасы 6 маусымда болған. Жеке үйдің жанындағы орындықта әйелдер балаларымен бірге отырған кезде, олардың үстіне жол талғамайтын көлік жоғары жылдамдықпен келіп соғылған. Көлік қоршауды бұзып өткен.
Ауыр жарақат салдарынан оқиға орнында 30 жастағы жүкті балабақша тәрбиешісі, оның екі жасар ұлы және көршілес үйде тұратын бес жасар қыз бала қаза тапты. Тағы бірнеше адам түрлі дәрежеде жарақат алған.
Сараптама жол талғамайтын көліктің тізгінінде болған Бибінұр Ізбасарованың мас күйде болғанын анықтады.
«Сотталушы Бибінұр Ізбасарова Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған тоғыз жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы және көлік құралдарын басқару құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалды», — деді қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Марат Күздебаев үкімді жариялаған кезде.
Сотталушы кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді. Ол жазаны жеңілдетуді сұрап, мүгедектігі бар 12 жастағы қызын өзі тәрбиелеп отырғанын айтты. Сот бұл жағдайды ескеріп, жазаны орындауды бір жылға кейінге қалдырды.
Қаза болғандардың туыстары соттың бұл шешімімен келіспейтіндерін мәлімдеді.
«Үш адамның өмірі үшін — тоғыз жыл. Бұл қалыпты жағдай ма? Ол тірі, дені сау, бостандықта жүретін болады. Оның 12 жастағы баласының бары не өзгертеді? Ал бізде анасыз қалған төрт жасар бала бар. Ол жылаған сайын жүрегім ауырады. Мұнда әділдік қайда? Біз бұл шешіммен келіспейміз», — деді жәбірленуші Ағайша Манатова.
Сот жәбірленушілердің моральдық және материалдық зиянды өтеу туралы азаматтық талап-арыздарын да ішінара қанағаттандырды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ және оған шағым түсіруге болады.