6 қыркүйекте Теміртау қаласында ересектердің қарауынсыз қалған бала терезеден құлап кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 2021 жылы туған бала пәтерде ересектердің қарауынсыз қалған. Оқиға кезінде қыздың анасы ас үйде болған. Бала Бейбітшілік даңғылындағы тоғыз қабатты үйдің бесінші қабатында орналасқан пәтердің терезесінен құлап кеткен. Қыз ауыр жарақат алып, ауруханаға жатқызылды. Алайда ауруханада қайтыс болды.
Бұл — жыл басынан бері Қарағанды облысында балалардың терезеден құлауына байланысты тіркелген 31-ші жағдай.
Көпқабатты үйлердің терезелерінен балалардың құлап кетуіне байланысты жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақырады:
Балаларды қараусыз қалдырмаңыз.
Егер пәтерде балалар тұрса, терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатыңыз.
Бала терезені өздігінен аша алмауы үшін терезе тұтқаларын бұғаттап қойыңыз.
Ешқашан масаға арналған торға сенбеңіз: ол баланың салмағын көтере алмайды. Бала тормен бірге терезеден құлап кетуі мүмкін.
Терезелердің маңынан бала терезе алдына шығу үшін пайдалана алатын жиһаздар мен басқа да заттарды алыстатыңыз.