Республика күні біздің айбынымызды арттырған, мемлекет болғанымызды жария еткен, тәуелсіздігіміздің іргетасы қаланған күн. Қазақстан тарихының жаңа дәуірге аяқ басқан кезеңі. Содан бері де күндер, айлар , жылдар өтті. Мемлекет болып қалыптасып, ел болып еңсе көтергеніміз төртінші онжылдықтарға ұласты. Осы аралықта буын алмасты, азат елдің ұрпағы өсіп жетілді. Өткеннен гөрі ертеңгі болашаққа жоспар құратын жаңа буын талпынып, табалдырықтан аттады. Мүдде мен мақсатқа көзқарас өзгерді. Жаңа буын дегенннен гөрі жаңа дәуірдің жаңа адамдары келді дегеніміз дұрысырақ шығар.
Талап та, құндылық та, көзқарас та өзгеріп барады. Дегенмен біздің де бұл буыннан үйренеріміз жоқ емес.
Кеше таңертең Есілдің бойын жағалап келе жатсам, 35 жас шамасындағы келіншек анасымен қыдырып серуендеп келеді екен.. Қолына ұстаған қоқыс жинайтын жұқа қапшығы бар, қолғап киіп алып, жол бойы көзіне көрінген қоқысты теріп, жинап келе жатыр. Осы сәтте маған да ой келді, ертең мен де қапшық, қолбақ алып, жолда кездескен қоқыстарды ала кетейінші деп ойладым. Қоғамда көрініс алған кейбір жағымсыз әрекеттерге іштей кіжінгеннен гөрі дер кезінде әрекет еткен де жөн. Тазалық – ортақ жауапкершілік. Мемлекет басшысысы қоғамдағы келеңсіз жағдайларды дер кезінде тап басып , талап қойып отырады. Осы талап, біздің саналы ұлт болып қалыптасуымызға , жинақылығымызға , зерделі ұлт болып бой түзеуімізге әсерін тигізіп отыр. «Ел боламын десең – әуелі бесігіңді түзе» Біздің бесігімізді өзге жұрттан бір жолаушы келіп түзеп бере алмайды. Бесігінің сырын да, киесін де қазақтың өзі ғана біледі. Кем-кетігімізді өзіміз ғана жөндей аламыз. Біздің бесігіміз – атамекен, туған топырақ, қоршаған орта, сұлу табиғат. Ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін де БІЗ.
Президенттің ауқымды реформалары бір күндік әңгіме мен призентациямен өлшенбейді. Ол ұлтты қатерлер мен қауіптен сақтайтын, қоғамның белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігін арттыратын, заң мен тәртіпке бағынатын саналы , сапалы ұрпақтың қалыптасуына терең мән беріп отыр. Болашақ ұрпаққа ұстанатын бағыт-бағдары, аманаты осы. Ел арасындағы танымал белгілі тұлғалар ПРЕЗИДЕНТТІҢ алдына барғанда ХАЛЫҚТЫҢ сөзін жеткізсе, Ел ішіне келгенде ПРЕЗИДЕНТТІҢ сөзін халыққа жеткізсе. Осы қағидаға дағдылануымыз керек. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан Халық Кеңесін құрудағы басты мақсаты да осы – Халықтың үнін есту. «Тоқтамыс ханның өзін көргенде тоңқаңдап жағымпаздануын қоймайды, Тоқтамыс ханның өзі жоқта сыртынан жамандауын қоймайды» деген тәмсілдің кері болмауымыз керек.
Бейбітшілік пен тұрақтылықты ту еткен, әлемдік саяси ықпалдастықта абырой биігінен көрінген мемлекет басшысының ауқымды реформаларын қолдап, нәтижелі жеміс беретініне мүдделіміз!
Республика мерекесі құтты болсын!
Роза МҰҚАНОВА, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері