Қазақстандық тревел-блогер Дастан Мұхамедрахым АҚШ Президенті Дональд Трамптың ұлы Дональд Трамп-кішімен кездесіп, оған қазақтың ұлттық киімдерін сыйлады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Блогер Трамп-кішімен бірге түскен суреттерін Instagram парақшасында жариялады. Дастан Мұхамедрахымның айтуынша, олар табиғат аясында үш күн уақыт өткізген.
Осы уақыт ішінде қазақстандық блогер америкалық қонаққа қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетін таныстыруға мүмкіндік алған. Ол Дональд Трамп-кішіге дәстүрлі шапан сыйлап, қазақы тұмақ кигізген.
«Демалыс кезінде оған қазақы шапан сыйлап, дәстүрлі тұмақты кигізудің сәті түсті!» – деп жазды блогер.
Дастан Мұхамедрахым ұлттық киімдерді дайындауға және сыйлықты ұйымдастыруға атсалысқан жандарға алғысын білдірді.
Жарияланған кадрларда Дональд Трамп-кіші қазақтың ұлттық киімдерін киіп, блогермен бірге суретке түскен.