Алматыда алаяқтық жолмен 1,5 млн доллар иеленді деген күдікті Грузиядан экстрадицияланды

/
Алматыда алаяқтық жолмен 1,5 млн доллар иеленді деген күдікті Грузиядан экстрадицияланды
istockphoto

Аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген күдікті Қазақстан азаматы Грузиядан экстрадицияланды. Тергеу нұсқасы бойынша ол Алматыда коммерциялық жылжымайтын мүлік объектісін сатамын деп, жәбірленушіден 1,5 млн АҚШ доллары мөлшеріндегі ақша қаражатын иеленген, деп хабарлайды turkystan.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Қазақстан азаматын экстрадициялау Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі Интерполының қызметкерлері және Қазақстанның Грузиядағы Елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылды.

"Тергеу барысында азамат 2023 жылғы қараша-желтоқсан аралығында Алматы қаласында коммерциялық жылжымайтын мүлік объектісін сату сылтауымен жәбірленушіден бір жарым миллион АҚШ доллары мөлшеріндегі ақша қаражатын алдап, иеленіп алғаны анықталды", - делінген прокуратура хабарламасында.

Күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жасырынған, оған халықаралық іздеу жарияланған.

Былтыр желтоқсанда ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды.

Егер кінәсі сотта дәлелін тапса, оған он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары