Қорғаныс министрлігі қазақстандықтарға ескерту жасады

/
Қорғаныс министрлігі қазақстандықтарға ескерту жасады
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрлігі ел тұрғындарына алдағы күндері Алматы және Жамбыл облыстары, сондай-ақ Жетісу облысының аумағында әскери техника қозғалысы байқалатынын ескертті. Бұл Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) "Шеп-2026" бірлескен оқу-жаттығуымен байланысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ведомство мәліметінше, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) "Шеп-2026" бірлескен оқу-жаттығуы 12-19 қыркүйек аралығында Жетісу облысындағы "Көктал" полигонында өтеді.

Оқу-жаттығуға дайындық және оны өткізу кезеңінде, яғни, 7-30 қыркүйек аралығында Алматы және Жамбыл облыстары, сондай-ақ Жетісу облысының аумағында әскери техника мен жеке құрамның жоспарлы қозғалысы жүзеге асырылады.

Оқу-жаттығу барысында далалық сабақтар өткізіліп, оның аясында марш дайындығы, бөлімшелерді басқару және қойылған міндеттерді орындау пысықталады.

Іс-шаралар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің жауынгерлік даярлық бойынша бекітілген жоспарларына сәйкес жүргізіледі.

Ведомство өкілдері "Шеп" оқу-жаттығуы тұрақты негізде Ұйымға мүше мемлекеттердің аумағында кезекпен өтетінін атап өтті.

"Азаматтардан, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен және әлеуметтік желі пайдаланушыларынан тексерілмеген ақпаратты таратпауды және ресми дереккөздерде жарияланған мәліметтерді ғана назарға алуды сұраймыз.

Жалған ақпаратты тарату және шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді жариялау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын еске саламыз", - делінген хабарламада.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар