Орал қаласына қарасты Круглоозерное кентінде 10 жастағы бала электр қосалқы станциясында токқа түсіп, қайтыс болды. Қайғылы жағдай 1 қыркүйек күні болған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті мәліметінше, шамамен сағат 20:30-да бала электр қосалқы станциясына шыққан. Сол жерде оны ток соққан.
«Биіктен құлау және алған жарақаттары салдарынан бала есін жимастан оқиға орнында көз жұмды. Аталған факті бойынша қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», – деп хабарлады полиция.
Марқұмның жақындары оны 3 қыркүйекте ақтық сапарға шығарып салды.
Сыныптастарының ата-аналары баланың пысық, білімқұмар әрі достарына адал болғанын айтады. Олардың сөзінше, 1 қыркүйекте ол мектепке барып, үйге келгеннен кейін тамақтанып, сыртқа шығып кеткен.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, оқиға кезінде баланың жанында достары болған. Олар оның қосалқы станцияға қашан көтерілгенін байқамай қалғанын жеткізген.
Куәгерлер ток соққан кезде қатты ұшқын шығып, баланың биіктен құлағанын айтқан.
Ауыл тұрғындары электр нысанының қауіпсіздігіне қатысты мәселе де көтерді. Олардың сөзінше, қосалқы станция аумағы толық қоршалмаған, кей кездері есіктері ашық тұратын болған және балалар нысанның маңында жиі ойнаған.
Марқұм жергілікті мектептің бесінші сыныбында оқыған.
Қазіргі уақытта полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.