3 қыркүйекте Қазақстанда Қазақы тазы күні алғаш рет аталып өтеді. Жаңа дата биыл Үкімет қаулысымен еліміздің мерекелік күндер тізбесіне ресми түрде енгізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
3 қыркүйектің таңдалуының өзіндік мәні бар. Дәл осы күні, 2024 жылы Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) қазақы тазыны алдын ала негізде ресми түрде танып, тұқымға № 372 стандартын бекітті және Қазақстанды оның шыққан елі ретінде белгіледі.
Қазақы тазы ғасырлар бойы Ұлы даладағы адам өмірінің ажырамас серігі болды. Тазы ең алдымен дәстүрлі аңшылықта, соның ішінде қыран құстармен бірге аң аулауда пайдаланылған.
Тазының қазақ мәдениетіндегі ерекше орны бүгінде халықаралық деңгейде де бекітілген. FCI-дің ресми стандартында қазақы тазы «Жеті қазынаның» бірі ретінде аталып, ер жігіттің сенімді серігі символын білдіретіні көрсетілген.

Ұлттық ит тұқымын сақтау жөніндегі жүйелі жұмыс 2023 жылғы қаңтарда қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша арнайы заң қабылданғаннан кейін мемлекеттік негізге ие болды. Заңнамалық деңгейде қазақы ит тұқымдары, асыл тұқымды ит, тұқым стандарты, бірыңғай асыл тұқым кітабы ұғымдары және оларды сақтаудың басқа да негізгі тетіктері айқындалды.
Осы жұмыстың басты нәтижелерінің бірі — қазақы тазының халықаралық деңгейде танылуы. Бүгінде Қазақстанның алдында FCI талаптарына сәйкес тұқымды алдын ала танудан түпкілікті тануға дейінгі кезеңнен өту міндеті тұр. Бұл үшін иттердің халықаралық стандартқа сәйкестігімен қатар, жүйелі асыл тұқымдық жұмыс, шығу тегінің нақты есебін жүргізу, тұқымның бірнеше ұрпақ бойы тұрақты өсіп-өнуін қадағалау, денсаулығы мен мінез-құлқын бақылау, сондай-ақ тұқымды ірі халықаралық кинологиялық іс-шараларда тұрақты түрде таныстыру қажет.