Қазақстан-Қытай серіктестігі технологиялық сипатқа ие болып келеді – Мемлекет басшысы

/
Қазақстан-Қытай серіктестігі технологиялық сипатқа ие болып келеді – Мемлекет басшысы

Технологиялық ынтымақтастық қазақ-қытай қарым-қатынасының жаңа кезеңіндегі маңызды бағыттардың біріне айналуы мүмкін. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың белді ақпарат агенттіктерінің бірі  «Синьхуа» басылымына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік бүгінде сауда-экономикалық байланыстармен ғана шектелмей, жаңа бағыттарды қамтитын жан-жақты сипатқа ие болды.

«Стратегиялық серіктестігіміздің шын мәнінде жан-жақты сипат алғанын ерекше атап өткім келеді. Ол сауда, инвестиция, энергетика мен көліктен бастап, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, медицина, ғылым, білім және мәдениетке дейінгі барлық негізгі саланы қамтып отыр», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының бірі технологиялық серіктестік екенін атап өтті. Оның айтуынша, цифрлық экономика, жасанды интеллект және жаңа технологиялар саласындағы бірлескен жобалар екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол аша алады.

2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Осы бағытта Қазақстан Қытайдың жетекші технологиялық компанияларымен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі.

«Жуырда Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференцияға қатысу үшін Шанхайға барған сапарымда Қытайдың жетекші технологиялық компанияларының басшыларымен мазмұнды кездесулер өткіздім. Цифрлық экономика, зияткерлік өндіріс, электрондық коммерция, ғылыми зерттеулер және кадр даярлау салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қос тарап та мүдделі. Дәл осы технологиялық ынтымақтастық қазақ-қытай қарым-қатынасының жаңа кезеңіндегі маңызды бағыттардың біріне айналуы мүмкін», – деді ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары