Әнші Дильназ Ахмадиева «Азия» тобымен бірге «Milfa» атты жаңа әнін жарыққа шығарды. Алайда туындының мәтіні мен бейнебаяны әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, сынға ұшырады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бейнебаянда Дильназ Ахмадиева қазақ тілі мұғалімінің рөлін сомдайды. Ал әннің мәтінінде «Мен қандай тәте? Тәте деген – қате, тым болмаса милф деп ата» деген жолдар бар.
Бұл көрініс пен әннің мәтіні желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Кейбірі мұғалім бейнесінің бұлай көрсетілуін орынсыз деп санаса, енді бірі әннің оқушыларға кері әсер етуі мүмкін екенін жазған.
«Енді оқушылар мұғалімдерін милф деп атай ма?», «Неге дәл қазақ тілі мұғалімі?», «Ұят, оқу орны мен мұғалімге лайықсыз әрекет», «Мектептегі жағдайды көрсетудің қажеті жоқ еді» деген пікірлер қалдырды желі қолданушылары.
Осы жағдайға байланысты «Азия» тобының мүшесі Ринат Басит түсініктеме беріп, кешірім сұрады.
«MILFA“ бейнебаянына қатысты туындаған жағдайға байланысты өз позициямызды білдіреміз. Біздің мақсатымыз – шығармашылық, ешкімді ренжіту немесе құрметсіздік таныту емес. Егер жұмысымыз біреудің көңіліне тисе, кешірім сұраймыз.
Колледж басшылығының да орынсыз зардап шеккенін қаламаймыз. Жағдайға объективті баға беріліп, мәселе түсіністікпен шешіледі деп сенеміз», – деп жазды Ринат Басит.
Ол жазбасының соңында түсіністік танытқан жандарға алғыс білдірді.