Салымшылардан 21 млрд теңге алған «Amanat Drive» қаржы пирамидасының басшыларына үкім шықты

/
Салымшылардан 21 млрд теңге алған «Amanat Drive» қаржы пирамидасының басшыларына үкім шықты
istockphoto.com

Қонаев қаласының соты «Amanat Drive» қаржы пирамидасының басшыларына қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Шүкен К.К. кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды, ал Үрәтбек М.С. 1 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ҚМА-ның Алматы облысы бойынша департаменті пирамиданың 8 мыңнан астам салымшыны тартқанын, ал салынған қаражаттың жалпы көлемі 21 млрд теңгеден асқанын анықтады.

Еске салайық, ұйымдастырушылар азаматтарға жылжымайтын мүлік пен автокөліктерді тиімді шарттармен — пайыз төлемей және кейін бөліп төлеу мүмкіндігімен сатып алуды ұсынған. (https://t.me/afm_rk/3018)

Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру мақсатында бақылауындағы заңды тұлғаларды — «Алло, не керек» ЖШС, «I M@RKETING» ЖШС, «Gold SapaPremium» ЖШС пайдалана отырып, көпдеңгейлі схема іске асырылған.

Аталған компаниялар жарнама қызметі, жылжымайтын мүлік және көлік нарығындағы талдау мен болжау сияқты қызметтердің жалған жеткізушілері ретінде әрекет еткен. Жалған шарттар негізінде 1,8 млрд теңгеден астам қаражат шығарылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Тартылған қаражат есебінен сотталғандар 2 пәтер және Lexus маркалы 3 автокөлік сатып алып, ықтимал тәркілеуден жасыру мақсатында оларды сенімді адамдардың атына рәсімдеген.

Сот аталған мүлікті мемлекет кірісіне тәркіледі.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары