Ақтауда қайық жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты

/
Ақтауда қайық жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты

30 тамыз күні Каспий теңізінің акваториясында қайғылы оқиға болды. Бортында жеті адам болған катер жартасқа соғылып, салдарынан екі адам қаза тапты, деп хабарлайды turkystan.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап. 

Ведомствоның мәліметінше, оқиға туралы хабарлама сағат 22:56-да түскен. Катер 5А шағынауданы маңында жартасқа соғылған.

Құтқару операциясы барысында бес адам жағаға шығарылып, медицина қызметкерлеріне тапсырылды. Ал катерде болған тағы екі адам алдын ала мәлімет бойынша, құтқару кеудешесін кимеген.

«Іздеу-құтқару жұмыстары кезінде құтқарушылар жағадан шамамен 500 метр қашықтықтан екі адамның денесін тауып, судан алып шықты», – деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаменті.

Құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінің 35 қызметкері, төрт техника және төрт жүзу құралы жұмылдырылды. Сонымен қатар оқиға орнында полицияның 10 қызметкері мен төрт техникасы, Апаттар медицинасы орталығының мамандары және жедел жәрдемнің бес бригадасы жұмыс істеді.

Ведомство оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатқанын атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда серуендеу катеріне қатысты тағы бір төтенше жағдай болған. Ол кезде кеме аударылып кеткенімен, адам шығыны болмаған. Катер аударылғаннан кейін жолаушылар шамамен бір сағат суда болған. Куәгерлердің айтуынша, қараңғы уақыт болғандықтан және қатты музыкаға байланысты өтіп бара жатқан катерлер судағы адамдарды байқамаған. Кейін жолаушыларды басқа катердің экипажы байқап, жағаға жеткізуге көмектескен.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары