Ақмола облысының Бестөбе кентіндегі шахталардың бірінің аумағынан екі ер адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, мәйіттердің табылуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
«Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар нысан аумағына заңсыз кірген. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — деп түсіндірді полиция департаментінің өкілдері.
Полицияның хабарлауынша, жыл басынан бері Степногор қаласында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 506-бабы («Күзетілетін нысандарға заңсыз кіру») бойынша 322 адам жауапкершілікке тартылған.
Сондай-ақ осы кезеңде жергілікті шахталарда тоғыз адам қаза тапқан.