Астана автобустарында жол ақысын қолма-қол ақшамен төлеу қайта енгізіледі

/
Астана автобустарында жол ақысын қолма-қол ақшамен төлеу қайта енгізіледі
Астана әкімдігі

Астана автобустарында жол ақысын қолма-қол ақшамен қайта төлеуге болады. Мұндай жағдайда қала ішіндегі жол жүру ақысы 300 теңге, ал қолма-қол ақшасыз төлем кезінде 150 теңге болады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл туралы елорданың қалалық және қала маңындағы қатынастарда жолаушылар мен багажды тұрақты тасымалдау тарифтері туралы әкімдік қаулысында көрсетілген.

Қолма-қол ақшасыз төлемге электрондық жол жүру құжаты немесе қосымша электрондық төлем сервистері арқылы жасалған төлем жатады.

Қалалық экспресс бағыттарда жол жүру ақысы қолма-қол ақшамен төлегенде 400 теңге, ал қолма-қол ақшасыз төлем кезінде 300 теңге болады. Әлеуметтік маңызы бар бағыттарда бұл тарифтер тиісінше 300 және 150 теңгені құрайды. Жеңілдік беретін көлік картасы арқылы әлеуметтік маңызы бар бағыттарда тегін жүруге болады.

Қала маңындағы бағыттарда жол жүру ақысы қашықтыққа қарай есептеледі: қолма-қол ақшамен төлегенде әр километр үшін 19 теңге, ал қолма-қол ақшасыз төлем кезінде 13 теңге алынады.

Егер электрондық төлем жүйесі істен шықса, электрондық жол жүру құжаты немесе электрондық сервистер арқылы төлейтін жолаушылар тегін жүреді.

Әкімдіктің 2024 жылғы 16 шілдедегі тарифтер туралы бұрынғы қаулысының күші жойылады. Жаңа тарифтер құжат алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Бұған дейін Астана автобустарындағы жол жүру тарифі 1 желтоқсаннан бастап өзгеруі мүмкін екені хабарланған болатын.

Сондай-ақ қаланың 11 бағытында автобустар саны тағы 22-ге, ал бес экспресс бағытта 10 автобусқа көбейеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары