Мемлекет басшысы Құрылтайдың алдында тұрған бірқатар маңызды міндеттерге тоқталып өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
«БІРІНШІ. Жаңа Конституция нормаларын ескере отырып, еліміздің заңнамасына түзетулер енгізу қажет.
Жаңа конституциялық жүйеге өту барысында бұрынғы Парламент негізгі билік институттарының қызметін қамтамасыз ететін бірқатар маңызды заңдарды қабылдады.
Енді Құрылтай әр салаға қатысты заңнаманы мұқият саралап, олардың Конституция қағидаттарына сай болуын қарауы керек.
ЕКІНШІ. Құрылтай заң шығару үдерісінің тұрақтылығы мен сапасын қамтамасыз етуі керек.
Бұған дейін Сенат Мәжіліс қабылдаған заңдардың Конституцияға сәйкестігін, құқықтық тұрғыдан дұрыстығын, нормалардың өзара үйлесімділігін тексеріп отырды.
Бұл жұмысты жандандыру қажет.
Заң шығару – аса жауапты жұмыс. Заңдарымыз әділетті, халыққа түсінікті әрі озық, яғни заман талабына сай болуы керек.
Себебі заң мемлекеттегі әр азаматтың тағдырына, өміріне әсер етеді. Сондықтан заңның әр нормасы, әр тармағы тыңғылықты қаралып, жан-жақты талқылануы қажет.
Заң шығару қызметінің сапасын арттыру және жемқорлыққа себеп болатын жағдайлардың алдын алу үшін жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға болады.
Әрине, озық технологиялар кәсіби құқықтық сараптаманы алмастыра алмайды. Алайда технологияны сауатты пайдалану арқылы талдау жұмысының тиімділігін арттыруға болады. Депутаттар осы мүмкіндікті ұтымды қолдануы керек.
Қазір менің бастамаммен «Е-Parliament» ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. Бұл жүйе түйткілдерді заң арқылы алдын ала реттеуге мүмкіндік береді.
Басты мақсат – цифрлық қызметтерді бір жерге тоғыстыру. Құзырлы органдар депутаттармен бірлесіп, осы платформаны Құрылтай қызметіне тезірек бейімдеуі қажет.
Еліміз үшін аса маңызды заң жобаларын сарапшылармен бірге жан-жақты талқылау керек. Бұл істе қағазбастылық пен салғырттыққа жол беруге болмайды.
Құрылтай қоғамдағы өзекті мәселелерге дер кезінде үн қататын жалпыұлттық диалог алаңына айналуы қажет.
Депутаттардың қызметі заңдылық, ашықтық, өзара сыйластық, пікір алуандығы қағидаттарына негізделуге тиіс», – деді Мемлекет басшысы бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында.