6-қабаттың терезесінен дәрет сындырған Астана тұрғыны қамауға алынды

/
6-қабаттың терезесінен дәрет сындырған Астана тұрғыны қамауға алынды
видеодан скриншот

Астаналық тұрғын әлеуметтік желілерге тарап кеткен видеодан кейін әкімшілік қамауға алынды. Бейнежазбада ер адамның көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісіндегі терезеден кіші дәрет сындырғаны көрінеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Видео жарияланғаннан кейін Астана қалалық полиция департаменті тексеру басталғанын, полицейлер бейнежазбаға түсіп қалған құқық бұзушының жеке басын анықтап, оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын хабарлады.

«Полиция Айтеке би көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісіндегі терезеден кіші дәрет сындырған ер адамды анықтады. Құқық бұзушы ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Ол Ақмола облысының тумасы, елорданың 43 жастағы тұрғыны Тимур Ж. болып шықты», – деп хабарлады Астана қаласының полиция департаменті.

Кейін істі Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты қарады.

Сот материалдарына сәйкес, оқиға 24 тамыз күні шамамен сағат 00:30-да болған. Іс материалдарында Ж. деп көрсетілген елорда тұрғыны тұрғын үйдің баспалдақ алаңында болған. Ол кіреберістің терезесі арқылы тікелей көшеге кіші дәрет сындырған.

Сот оның әрекетін ұсақ бұзақылық деп таныды. Сот отырысында Ж. өз кінәсін мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтты.

Жаза тағайындау кезінде сот оның әрекетінің сипатын, қоғамға көрсеткен құрметсіздігін, сондай-ақ видеоны әлеуметтік желілерде кеңінен талқылағанын ескерді. Сот Ж.-ны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады.

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары