Ұлыбританияда алғаш рет ЖИ көмегімен миға ота жасалды

/
Ұлыбританияда алғаш рет ЖИ көмегімен миға ота жасалды
сурет: istockphoto.com

Ұлыбританиялық дәрігерлер әлемде алғаш рет жасанды интеллектіні миға жасалған операция барысында нейрохирургке нақты уақыт режимінде көмек көрсету үшін қолданды. Технология ісікті алып тастау кезінде аса қауіпті аймақтарды анықтап, пациенттің көру қабілетін сақтауға мүмкіндік берген, деп хабарлайды turkystan.kz University College London Hospitals-ке сілтеме жасап.

Операция Лондондағы Ұлттық неврология және нейрохирургия ауруханасында клиникалық зерттеу аясында жүргізілді. Алғашқы пациент 48 жастағы Бедфордшир тұрғыны Рис Хибберт болды. Оның гипофизінен көлемі шамамен 11 миллиметр болатын ісік анықталған. Дәрігерлердің айтуынша, ота жасалмағанда ісік көру жүйкесіне қысым түсіріп, науқасты толық соқырлыққа әкелуі мүмкін еді.

Операция кезінде ЖИ жүйесі эндоскопиялық камерадан түсіп тұрған видеоны бірден талдап, ми түбіндегі маңызды анатомиялық құрылымдарды экранда белгілеп отырған. Бұл аймақта гипофиз, ірі қан тамырлары мен көруді басқаратын жүйкелер бір-біріне өте жақын орналасқан. Сондықтан бір миллиметрлік қателіктің өзі көру қабілетін жоғалтуға, инсультке немесе адам өміріне қауіп төндіретін басқа асқынуларға соқтыруы ықтимал.

Жүйе хирургиялық топқа қауіпті аймақтарды айналып өтіп, ісіктің мүмкіндігінше көп бөлігін қауіпсіз алып тастауға көмектескен. Дегенмен операцияны ЖИ өздігінен жүргізген жоқ: барлық шешімді хирург қабылдап, бүкіл үдерісті толық бақылауда ұстады.

Технологияны Лондон университеттік колледжінің Hawkes Institute зерттеушілері әзірлеген. Жүйені үйрету үшін бұрын жасалған гипофиз операцияларының жүздеген видеосы қолданылған. Ол анатомиялық құрылымдарды, хирургиялық құралдарды және құралдардың тіндермен жанасуын нақты уақыт ішінде анықтай алады. Жоба Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау және медициналық зерттеулер институты мен Google компаниясының қаржылай қолдауымен жүзеге асқан.

Рис Хибберттің ісігі 2024 жылдың желтоқсанында серуен кезінде есінен танып, ұстама болғаннан кейін кездейсоқ анықталған. Кейін оның гормондық жүйесі бұзылып, шеткі көру қабілеті нашарлаған. Аяғының астын дұрыс көре алмағандықтан, ол бірнеше рет сүрініп, таяқпен жүруге мәжбүр болған.

Науқастың айтуынша, операциядан оянған бойда көру қабілеті айтарлықтай жақсарған. Бір аптадан кейін ол көзілдіріксіз және таяқсыз өздігінен жүре бастаған. Қазір пациент үйінде оңалту кезеңінен өтіп жатыр.

Бұл – жасанды интеллектінің жалпы нейрохирургияда алғаш қолданылуы емес, миға жасалған операция кезінде хирургке тікелей әрі нақты уақыт режимінде көмектескен әлемдегі алғашқы жағдай. Зерттеушілер болашақта технология күрделі операциялардың қауіпсіздігін арттырып, хирургтерге шешім қабылдау кезінде қосымша қолдау көрсете алады деп үміттенеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары