"Сұлулық салонында жұмыс істеген": БАӘ-де көз жұмған қыздардың әпкесі қайғылы оқиғаның мән-жайын айтты

/
"Сұлулық салонында жұмыс істеген": БАӘ-де көз жұмған қыздардың әпкесі қайғылы оқиғаның мән-жайын айтты
instagram.com/check_point.kz/

Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласында қаза тапқан Ақжан және Жұлдыз Бохановалардың әпкесі Меңсұлу Боханова Stan.kz басылымына сіңлілерінің шетелге не үшін барғанын және олармен соңғы рет қашан сөйлескенін айтып берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның сөзінше, қыздар БАӘ-ге былтыр желтоқсанда жұмыс істеу үшін барған. Бұған дейін олар Астанадағы сұлулық салонында қас, кірпік және тырнақ әрлеу ісін меңгерген.

"Біздің Астана қаласында да әсемдік салонымыз болған. Сіңлілерім қас, кірпік жасап, тырнақ әрлеуді осы жақта жақсы меңгерген еді. БАӘ бет әрлеу саласында жақсы нәпақа табуға болатынын естіп, екеуі бірге кетті. Желтоқсанда барып, ұзақ кідірмеуді жоспарлаған болатын. Бірақ соғыстың көлеңкесі әмірлікке де жетіп, сол жақта қалып қойды. Құжаттардың барлығын реттеп, осы аптада қайтамыз деп анамызға қуанышты хабар айтқан. Алайда содан кейін байланыс үзілді", – дейді қос қыздың үлкен әпкесі.

Отбасы Ақжан мен Жұлдызбен соңғы рет 17 тамызда сөйлескен. Сол кезде қыздар денсаулықтарының жиі сыр беріп жүргенін айтқанымен, туыстары күмән туғызарлық жағдай байқамағанын жеткізді.

"WhatsApp-тарына жазғанымызда, алдымен екі белгі көрініп тұрды. Кейінгі жазғанымызда біреу болып қалды. Үрейленіп, сол жақтағы танысымызға хабарластық. Қыздардың жағдайын біліп қайтуға барған қазақстандық азаматты тұрғын үй кешеніне кіргізбей қойды. Содан полицияға, елшілікке айтып дабыл қақтық. Ақыры бір апта дегенде Ақжан мен Жұлдыздың пәтерде өлі табылғанын хабарлады", – дейді Меңсұлу Боханова.

Марқұмдардың әпкесі қыздардың нақты неден қаза болғаны әзірге белгісіз екенін айтты. Отбасы олардың 17 тамыз шамасында көз жұмған болуы мүмкін деп болжайды.

Меңсұлу Боханова әлеуметтік желіде тараған «қыздарға пышақ салынған» немесе олардың күмәнді жұмыспен айналысқаны туралы ақпараттың расталмағанын атап өтті.

"Ақжан да, Жұлдыз да адал еңбек етуге кеткен. Олар сұлулық салонында жұмыс істеді. "Пышақ сұғып өлтірген" деген ақпарат та әзірге расталған жоқ", – деді ол.

Қаза тапқан қыздар бір отбасындағы төрт қыздың ортаншылары болған. Қазір отбасы олардың денелерін елге жеткізіп, туған жерінде жерлеуді көздеп отыр.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі апалы-сіңлілердің өлім себебін БАӘ құзырлы органдары анықтап жатқанын бұған дейін хабарлаған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары