Алматылық Жұлдыз достарымен бірге жолда Оңтүстік Кореядан келген екі велотуристі кездейсоқ кездестіріп, оларды Алматыға дейін жеткізіп салған. Кейін бұл таныстық қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татумен және ортақ кешкі аспен жалғасқан, деп turkystan.kz тілшісі Tengrinews басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жұлдыздың айтуынша, олар 22 тамызда Бестөбе су қоймасынан Алматыға қайтып келе жатқанда үлкен рюкзак асынған екі велосипедшіні байқап қалған. Жастар тоқтап, саяхатшыларға көмек ұсынған.
Туристердің есімі Джей Джей және Джинджер екен. Олар екі аптаға жуық уақыт бойы Орталық Азияны аралап жүргендерін айтыпты. Алдымен Қырғызстанға барып, кейін Қазақстанға өткен. Саяхат барысында Сарышелек, Көлсай және басқа да табиғи орындарды көрген.
Әңгіме кезінде кореялық туристер жылқы етінен ешқашан дәм татпағандарын айтқан. Осыдан кейін Жұлдыз бен оның достары қонақтарды қазақтың ұлттық асханасымен таныстыруды ұйғарған.
Алдымен оларға құрт пен қымыз ұсынылған. Кейін жастар туристерді ұлттық тағамдар ұсынылатын орынға апарып, асылған ет, бауырсақ, қаймақ және жылқы етінен дәм татқызған.
Жұлдыздың сөзінше, қонақтарға қазақ тағамдары ұнаған. Кешкі астан кейін жаңа таныстар бірге би билеп, шағын сайыс та ұйымдастырған.
Алайда көп ұзамай туристер әуежайға асығуға мәжбүр болған. Олардың Алматыдан ұшатын рейсі түнгі сағат 23:00-де жоспарланыпты.
Жұлдыз бұл кездесуді жай ғана кездейсоқтық деп қабылдамайтынын айтты. Оның сөзінше, сол күні жоспар бірнеше рет өзгерген: достары су қоймасынан ертерек кетпеген, басқа бағытқа бұрылмаған және көлікте бос орын да болған.
Сондықтан ол Джей Джей мен Джинджермен дәл сол жолда кездесуге бірнеше жағдай қатар келгенін ерекше атап өтті.
Қазір қазақстандықтар жаңа таныстарымен байланысын жалғастырып отыр. Алдағы уақытта олар Кореяда қайта кездесуді жоспарлап жүр.