Президент Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында мектептертің сапалы біліммен қатар тағылымды тәрбиенің ошағы болуы керек екенін баса айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Бала тәрбиесі мәселесіне баса мән беру қажет. Қоғамда заң мен тәртіпке, тазалыққа, мәдениеттілікке негізделген жаңа этика қалыптастыру ісі дәл осы маңызды миссияны жүзеге асырудан басталады. Қазір елімізде 7 миллионға жуық бала бар. Жастармен қоса есептегенде олардың үлесі халық санының жартысына жуықтайды.
Еліміздің келешегі жарқын болсын десек, ең алдымен, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Жастардың бойына отаншылдық, білімпаздық, еңбекқорлық құндылықтарын сіңіруіміз қажет. Әйтпесе, салынған мектептерден, білім саласындағы инновациялық шешімдерден еш нәтиже болмасы анық. Бұл тұрғыдан алғанда, оқу-ағарту саласы айрықша рөл атқаратыны баршаға мәлім.
Мектептер сапалы біліммен қатар тағылымды тәрбиенің ошағы болуы керек. Балалар мектепке зор ынтамен баруы қажет. Олар мектепті білім алатын, құрдастарымен араласатын және өміріндегі ең тамаша жылдарды – балалық пен жастық шақтың шынайы ғажап кезеңдерін өткізетін өз үйіндей қабылдауға тиіс. Қалай болғанда да, жағдай дәл солай болуы қажет», – дейді Мемлекет басшысы.