ҚР Ұлттық музейінде Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдауымен, «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Музей – білім беру кеңістігі: инновациялық жұмыс бағыттары» атты республикалық ғылыми-практикалық семинар болып өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Атаулы семинарға еліміздің әр өңірінен белгілі тарихшы-ғалымдар, музей саласының мамандары, педагогтер, мектеп және жоғар оқу орындарының өкілдері қатысты. Кеш тізгінін қолға алып, мотераторлық жасаған «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Жандос Болдықов шараның негізгі міндеті – тарихи мұраны тек сақтау емес, оны қазіргі ұрпақ үшін түсінікті, қолжетімді және тартымды білім көзіне айналдыру екенін атап өтті.
Сондай-ақ, «Бозоқ» ұлттық саябағының құрылысы бітуге жақын екенін айтып, алда жаңа бастамалар қолға алынатынын айтты. Алғашқы болып сөз белгілі тарихшы, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяғанға берілді.
«Бозоқ мәдени-тарихи музей-қорығы үлкен жұмыстарға бастамашы болып жүр. Жақында ғана Түркиядан үокен делегация келіп, құжаттарға қол қойып, білрлігімізді тағы бір нығайтқан болатын. Президентіміз жақында айтқандай, өткенімізге қарап күрсіне бермей, жақсы тұстарымызды да көбірек дәріптеуіміз қажет. Әрине, басымыздан өткен трагедияны ұмытпауымыз керек, бірақ, артқа бұрыла бермей болашағымызды да ойласақ, өркендеген ұлт боламыз. Өз шәкірттеріме ең бақытты мамандық сіздерде деп жиі айтамын. Оның себебі тарихымызғатерең сүңгіп, өткенімізді қазбалап, өткенді танудан артық қандай бақыт болсын. Бүгінгі іс-шарамыз да сол үлкен еңбектің, тарихты тануға деген ұмтылыстың үлкен жемісі деп білемін, – деді тарихшы сөзінде.
Мұнан соң шараның қадірлі қонағы, белгілі тарихшы Жақсылық Мұратбекұлы жаңаша ұсыныстар айтып, шараны жандандыра түсті.
Менің ойымша, бізге музей саласы бойынша әлемдік жаңа музейлермен тәжірбие алмасу керек. Әсіресе, әлемде бүгінде өркен жайып жатқан комерциялы шағын музейлер бізге өте қажет. Мәселен, Түркияда жазушы, Нобель сыйлығының иегері Орхан Памуктың «Сезім музейі» кітабына арналған жеке музей бар. Бізде де музейге айналуы тиіс кітаптар жетерлік, мәселен, Есенберлиннің «Көшпенділер» кітабын айтуға болады. Бұл музейлердің құрылымы шағын, алғашқы қабаты дүкен, екінші қабаты музей, үшінші қабатында мейрамханалар орналасқан. Сосын тек кітапқа емес, бір құнды затқа да жеке музей арнауға болады. Мәселен, бізде домбыра музейі болса қандай жақсы болар еді. Ішіне домбыраның алғаш пайда болғаны, күй тарихы, күйшілер туралы ақпараттар, ежелгі табылған жәдігерлер орналасса нұр үстіне нұр. Сонымен бірге тарихта өткен белгілі шайқастарға да шағын музей арнауға болады. Тағы бір айта кетерлігі, бүгінде балаларымыз үшін «Супермен» секілді ескі қаһармандар қызығушылықтан қалып барады. Оның орнына өзіміздің айлакер, өте ақылды болған тарихтағы Қасым ханның бейнесін алып шығып, жаңа қаһарман етіп жасап шығуға болады. Алдағы уақытта елімізде музейлердің әлемдік үрдістерден тәжірбие алған жаңа түрлері бой көрсетеді деп ойлаймын. Осындай бастамалар арқылы музей саласын жас ұрпаққа насихаттаудың маңызы зор, – деді тарихшы.
Мұнан соң «Бозоқ» музей-қорығының бас ғылыми қызметкері Сәуле Бөкейханқызы музей мен мектептің тарихи, мәдени жадыны қалыптастырудағы маңызы жөнінде баяндама жасап, елеулі дүниелерді атап өтті.
Сондай-ақ белгілі этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Зүбайда Сұрағанова
«Материалдық емес мәдени мұраны сақтау мен дамытудағы музейдің білім беру рөлі: тәжірибе және даму перспективалары» тақыбырында баяндама жасаса, археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Айнагүл Сәбитқызы «Білім алушылардың жобалық және зерттеу қызметі» атты баяндамасымен маңызды мәселелерге тоқталды. Шарада өзге де баяндамашылар мен музей ісі мамандары, мектеп мұғалімдері сөз алып, өзекті тақырыптарды тілге тиек етті. Дәстүрлі «экскурсовод – тыңдаушы» моделінен біртіндеп «музей – зерттеуші – оқушы» моделіне көшу туралы ұсыныстар көтерілді.
Сондай-ақ, шарада музей мен мектептің өзара байланысы, тарихи және мәдени жадыны қалыптастыру, материалдық емес мәдени мұраны сақтау мен насихаттау, оқушылардың жобалық, Z және Alpha буындарымен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерді қарастырылды. «Қазіргі мектеп оқушысы мен студенті үшін музей қандай болуы керек?» деген нақты сауалдар, «Бозоқ» музей-қорығының алдына қойып отырған ауқымды міндеттері сарапқа салынды. Шараның қорытынды бөлімінде семинар-практикумға қатысушылар үш топқа бөлініп, арнайы тақырыптарды талқылап, өзара нақты пікірлерін ұсынды.
Шара соңында «Бозоқ» музей-қорығының директоры Жандос Болдыков семинар-практиумға белсенді қатысушыларға арнайы сертификат табыстап, алғысын жеткізді. Мұнан соң еліміздің әр өңірінен келген қонақтар үшін фуршет дайындалып, «Бозоқ» мәдени-тарихи музейі атынан дастархан жайылды.