Үш жылда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 7 миллионға жуық баланың есепшотына қаражат аударылды – Қасым-Жомарт Тоқаев

Үш жылда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 7  миллионға жуық баланың есепшотына қаражат аударылды – Қасым-Жомарт Тоқаев
Ақорда

Президент республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында балалардың құқығын қорғау мен жан-жақты дамуына жағдай жасау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтіп, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының нәтижелерін жария етті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Балаларды қорғау және олардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау – аса маңызды міндет. Бұл – мемлекет саясатындағы негізгі басымдықтың бірі.  

ЮНИСЕФ Қазақстанның осы салада Орталық Азия елдеріне ғана емес, Еуропадағы бірқатар мемлекетке үлгі бола алатынын мәлімдеп отыр. Бұл халықаралық ұйымға ризашылығымды білдіремін.   Шын мәнінде, біз бұл бағытта көп жұмыс атқардық. 2024 жылдан бері «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 7 миллионға жуық баланың есепшотына қаражат аударылды.  

2024 жылы – 695,5 миллион доллар, 2025 жылы – 888,8 миллион доллар, 2026 жылы – 901,7 миллион доллар болды. Бұл жұмыс еліміздің үлкен жетістігі екені сөзсіз. Көптеген мемлекет балаларға арналған осындай ауқымды қолдау саясатын жүргізе алмай отыр.  

Жыл басынан бері «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы жүзеге асырыла бастады. Бұл құжатта өскелең ұрпақты қолдауға арналған шаралардың бәрі көрініс тапты.   Барлық аймақта балалардың құқықтарын қорғау басқармалары, сондай-ақ, психологиялық қолдау орталықтары құрылды. Бұған қоса, инклюзивті білім беру жүйесі қарқынды дамып келеді.   Бірақ шешімін таппаған түйткілдер де бар.   Мәселен, ақпараттың шамадан тыс көбейіп кетуі қоғамға, соның ішінде жас ұрпаққа кері әсерін тигізе бастады. Мұндай ахуал азаматтардың жұмыс қабілетін төмендетеді. Бұл, әсіресе, болмыс-бітімі енді қалыптасып келе жатқан балалар үшін өте қауіпті», – дейді Мемлекет басшысы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар