Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында тексерілмеген тарихи деректер мен оқиғалар сипатталатын оқу материалдарын қайта қарау жөнінде тапсырма берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Жақында Үкімет жұртшылыққа нәтижелі жұмыстың қорытындысын жариялады. Мектеп оқулықтарынан 700-ден астам өрескел қате табылған. Мұның бәрі орта білімнің сапасына нұқсан келтіреді десек, артық айтқандық емес. Әлгінде ғана тексерілмеген тарихи деректер мен оқиғалар сипатталатын, балаларға жалған «қаһармандар» мен олардың «ерлігі» жөнінде әңгімелейтін аңыздар енген оқу материалдарын қайта қарау қажет екенін айттым. Жалған, ойдан құрастырылған мәліметтер тарату арқылы балаларды отаншылдыққа тәрбиелеу жақсылыққа апармайды. Бұл халқымыздың ар-ұжданына қайшы.
Ұдайы жапа шеккен ұлт кейпінен арылуымыз керек. Бұл жөнінде үнемі айтып келемін. Біздің кейбір қаламгерлеріміз «мұң» деген сөзді жақсы көреді: «жүрегімде мұң, көзімде мұң»! Мұң-қайғы жастық шаққа, жастарға жараспайды.
Жастарымыз өз халқының тарихын дұрыс түсіне отырып, болашаққа үмітпен және сеніммен қарауға тиіс.
Еліміздің жастары оптимист болып, еңсере алмайтын қиындық жоқ екенін білуі қажет. Біз өз күш-қуатымызға сенетін, мықты ұлтқа айналуымыз керек. Мұң, қайғы, күйзеліс – жастарымызға жат нәрсе болуға тиіс», – деді Қ. Тоқаев.
Сондай-ақ Президент өскелең ұрпақты жігерлі, отаншыл, білімпаз, жаңашыл әрі еңбекқор етіп тәрбиелеудің маңызын атап өтті.
«Ұлы Абай «Адам баласының ең жаманы – талапсыз» деп бекер айтпаған. Өзіне сенімсіз, жасық, әр нәрсеге мұңая беретін, үнемі күйзелісте жүретін кертартпа адамның болашағы бұлыңғыр.
Тағы да айтып кетейін. Қазақ – кез келген сын-қатерді еңсеруге дайын жұрт, келешегіне сеніммен қарап, алға қарай батыл қадам басатын нағыз жеңімпаз ұлт. Өткенге өкпе артып, тарихтағы сәтсіздіктер үшін басқа халықтар мен мемлекеттерді айыптау – болмысымызға мүлдем жат дүние.
Біз өскелең ұрпақты осындай кеселден, теріс түсініктен сақтауымыз керек. Бұл тұрғыдан алғанда, оқу-ағарту саласына зор жауапкершілік жүктеледі.
Сондықтан ұстаздарымыз ең алдымен, ойы таза, ниеті түзу, жақсылыққа, жарқын болашаққа деген сенімі зор жігерлі азаматтарды тәрбиелеуге тиіс.
Отаншыл, білімпаз, жаңашыл, талапты, еңбекқор адамдар елдің көшін алға бастайды. Риза болатыным: мен осы қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойынан анық көремін.
Жастарымыз әрдайым жақсылыққа ұмтылады, еліміздің келешегіне зор сеніммен қарайды», – деді Мемлекет басшысы.