Алдағы үш жыл ішінде «Келешек мектептері» білім берудің озық тәжірибелерін сынақтан өткізетін орталыққа айналуға тиіс. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Бұдан бөлек, Президент Әкімшілігіне Үкіметпен бірлесіп, төмен нәтиже көрсеткен облыстарға нақты көмек көрсетуді, мысалы, арнайы талдау жүргізуді тапсырамын.
Ал Үкімет білім жүйесінің тиімділігін арттыра түсетін жан-жақты зерттелген шешімдер ұсынуға тиіс. Бұл мәселеде жетістікке ие болған мектептер мен даму институттарының мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланған жөн.
Құзырлы министрлік орта білімнің мазмұнын заман талабына сай жаңғыртуы қажет. Мысалы, тарихи аңыздар мен шындыққа сай келмейтін оқиғалардың орнына өскелең ұрпаққа ілгерілеуге, прогреске бағытталған пәндерді оқыту қажет. Ал тиісті бағдарламаларды даярлау, бұл – министрліктің жедел мақсаты.
«Келешек мектептері» инновациялық шешімдерді енгізу және ұлттық білім беру үлгісін қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқаруы керек. Осы орайда Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясына зор жауапкершілік жүктеледі.
Алдағы үш жыл ішінде «Келешек мектептері» білім берудің озық тәжірибелерін сынақтан өткізетін орталыққа айналуға тиіс», – деді Президент.