Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Адам капиталы, білім, прогресс – Халықтық Конституцияның негізгі құндылықтары» республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысы өтіп жатыр. Жиында сөз сөйлеген Президент еліміздің мұғалімдердің беделін нығайту көрсеткіші жөнінен екінші орында тұрғанын атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Ұстаздың беделін нығайтып, оларды жан-жақты қолдау үшін белсенді жұмыс атқарылып жатыр. «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. Биыл бұл заңға толықтыру енгізіліп, ұстаздарға қосымша құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер берілді. 5 қазан күні ұстаздардың кәсіби мерекесі ретінде нақты бекітілді. Мемлекеттік марапаттар тізіміне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді. Бұл мәртебелі наградамен марапатталған тұлғаларға қомақты сыйақы беріліп жатыр. Қазірдің өзінде 100-ге жуық мұғалім марапатталды. Басқа да лайықты ұстаздар мемлекет назарынан тыс қалмай, осы құрметті атаққа ие болары күмәнсіз. Соңғы үш жылда еліміздегі 3 мұғалімге ең жоғары мемлекеттік награда – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Бұл ұстаздар қауымына деген айрықша құрметтің белгісі екені сөзсіз. TALIS-2024 (The OECD Teaching and Learning International Survey) зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, Қазақстан мұғалімдердің беделін нығайту көрсеткіші жөнінен екінші орында тұр. Сондай-ақ ұстаздардың еңбекақыға қанағаттану өлшемі бойынша еліміз әлемдегі алғашқы бес мемлекеттің қатарына кіреді. Атап айтқанда, ұстаздардың 95 пайызы өз жұмысына көңілі толатынын айтқан. Ал 80 пайызы осы мамандықты қайта таңдауға дайын екенін жеткізген», - деді Мемлекет басшысы.