Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Алатау қаласы кеңесінің отырысында Мемлекет басшысының жаңа қаланы дамыту, арнайы құқықтық режимді жүзеге асыру, инфрақұрылымды жаңғырту және инвестициялар тарту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Премьер-министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Alatau City жобасын стратегиялық маңызы бар және болашақта елдің дамуын сапалы жаңа деңгейге шығаруға қабілетті деп айқындағанын атап өтті.
Alatau City Authority компаниясының бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы баяндады. Қазіргі уақытта Alatau City қаласының инвестициялық пулы 67 жобаға дейін ұлғайды, инвестициялардың жалпы көлемі шамамен $6,9 млрд-ты құрайды әрі мұнда 55 мыңға жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік бар. PepsiCo және Sunny Paper кәсіпорындарының жобалары қарқынды жүзеге асырылуда. Mars Petcare KZ, Griffin Logopark, «ДанаФлекс», G-Trans Service компанияларының ірі өндірістік және логистикалық жобалары бойынша жұмыстар басталды. Жаңа қаланың флагмандық жобаларының бірі - Iconic Complex-тің құрылысына дайындық жүргізілуде. KIND K-Smart Town жобасы ілгерілетілуде. Жалпы ауданы 5,3 млн шаршы метр болатын нысандар орналасқан 330 гектар аумақты кешенді түрде дамыту тұжырымдамасы әзірленді: мастер-жоспарды және техникалық-экономикалық негіздемені 2026 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.
Инвестицияларды одан әрі тарту шеңберінде бірқатар жаңа ірі жобалар пысықталуда. Олардың қатарында тұрақты авиациялық отын және жасыл энергетика өндірісі саласындағы Full Vision Capital жобасы, KAIST ғылыми институтының филиалын ашу, логистика, деректерді өңдеу және цифрлық инфрақұрылым саласындағы CIMC жобалары, Sinomach жоғары технологиялық агроөнеркәсіптік кешені бар. Қазақ-корей бірлескен инвестициялық қорын қалыптастыру, Hyundai Green Food өндірістік-логистикалық кешенін салу, Iconic Tower жобасына Lotte Hotels & Resorts брендін тарту, Doosan Enterbility-мен энергетиканы, Korea Airports Corporation-мен қалалық әуе ұтқырлығын, сондай-ақ Hyundai Motor Company-мен бірлесіп смарт-ұтқырлық пен сутегі технологияларын дамыту жөніндегі жекелеген уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Үкіметте Alatau City-дің негізгі жобаларының жүзеге асырылу барысы қаралды