«Жеке өмірімде де қайталанды»: Әнші Айгүл Иманбаева зорлық-зомбылыққа қатысты ойын бөлісті

/
«Жеке өмірімде де қайталанды»: Әнші Айгүл Иманбаева зорлық-зомбылыққа қатысты ойын бөлісті
жеке парақшасынан

Әнші Айгүл Иманбаева бала кезіндегі зорлық-зомбылықтың адам санасына әсері туралы айтып, мұндай жағдайдың ересек өмірде де із қалдыратынын жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ол ата-аналарды баланың көзінше жанжал шығармай, оның тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды

«Менің құрбым Баян Мақсатқызы осыдан 4 жыл бұрын зорлық-зомбылық тақырыбында «Бақыт» фильмін түсірді. Онда қазақ қоғамындағы бітпейтін әлеуметтік мәселе қозғалды.

Баян басты рөлді маған сомдауды ұсынды. Мен алдымен сценарийді оқып шықтым. Оқып отырып, бұлшықет жады ма, барлық сырқаттарым оянды ма, білмеймін, аяқ-қолым дірілдеп, жылап қалдым. Баянға хабарласып, ұсыныстан бас тарттым. Кейін режиссер Асқар Ұзабаев қоңырау шалып, көндіруге тырысты. Оған көзімнен жас тоқтамай, түсіндірдім. Өте ауыр сценарий болды.

«Асқар, мен кейінгі 6 жылда табандылықпен психологпен жұмыс істеп жатырмын. Әркімнің балалық шағы әртүрлі ғой. Мен бұл рөлді ойнағым келмейді. Басымдағы барлық мәселені санамнан арылтып жүрмін. Оған қайта оралғым келмейді. Оқып отырып, өмірім көз алдымнан өтті», – деп түсіндірдім. Бұл жағдайды бекер айтып отырған жоқпын. Кеше ғана Жамбыл облысында бір барни шоколады үшін 19 жастағы келіншек өмірден өтіп кетті.

Адамдар зорлық-зомбылықты бала кезден көріп жатады. Мәселен, сенің көз алдыңда әкең анаңды ұрып жатады немесе бір-бірімен төбелесіп, аузына келгенді айтады. Мен де бала кезімде осы жағдайды көрдім. Ол тек менің әкем мен анамның арасындағы немесе менің өміріме қатысты нәрсе емес. Сондықтан,  мен дауыс көтерілген жерде қорқамын. Ішімдік ішкен адамды көрсем, аяқ-қолым дірілдейді. Психологпен жұмыс істеп, санамнан шығардым деп ойласам, әлі де санамда отыр екен.

Қазақ халқы бұрыннан «баланың көзінше ұрыспа» деп айтқан. Бұл әңгіме де менің санама жазылған болуы керек. Кейін сол бір жағдай өміріңде айна-қатесіз басыңа келеді. Менің жеке өмірімде де қайталанды.

Ата-аналарға айтарым: баланы өмірге әкелгеннен кейін жауапкершілік алу керек. Тәрбиесіне аса мән беру қажет. «Тәрбие тал бесіктен басталады» деп тегін айтылмаған. Қазіргі зорлық-зомбылық мәселесі бала кездегі қалыптасқан түсініктерден туындап жатқан сияқты», – деді әнші.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар