Алматыда 16 қабатты тұрғын үйден өрт шықты

/
Алматыда 16 қабатты тұрғын үйден өрт шықты
ТЖД

Алматыда 16 қабатты тұрғын үйден өрт шығып, ТЖМ қызметкерлері 127 адамды қауіпсіз жерге шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz қалалық ТЖД-ға сілтеме жасап.

ТЖД-ның мәліметінше, Бостандық ауданы Абай даңғылы бойындағы 16 қабатты тұрғын үйдің 9-қабатында орналасқан пәтерден өрт шыққан. Белгілі болғандай, пәтерде жиһаз жанған.

"Оқиға орнына құтқарушылар шақыртудың жоғары дәрежесі бойынша жіберілді. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде кіреберісті қою түтін басқаны анықталды. ТЖМ қызметкерлері тұрғындарды дереу эвакуациялауға кірісті.

Оқиға орнында өрт сөндіру жедел штабы құрылды. Газ-түтіннен қорғау қызметінің буындары тұрғындарды құтқару және эвакуациялау жұмыстарына жіберілді. Сонымен қатар жұмыстарды жүргізу үшін өрт сөндіру автосатысы орнатылды", - делінген хабарламада.

Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде түтін басқан аймақтан баспалдақ маршы арқылы 42 адам эвакуацияланған, ал құтқару қалпақтарының көмегімен 85 адам, оның ішінде 4 бала құтқарылған.

Өрт жедел түрде сөндірілген. Зардап шеккендер туралы 112-ге ақпарат түспеген.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары