Қытайдың ЖИ модельдері қолданылу жағынан АҚШ-ты басып озды

/
Қытайдың ЖИ модельдері қолданылу жағынан АҚШ-ты басып озды
сурет: istockphoto.com

Қытайда жасалған жасанды интеллект модельдері OpenRouter платформасындағы қолданыс көлемі бойынша көш бастады. Бір жыл бұрын америкалық модельдер платформадағы сұраныстың шамамен 70 пайызын қамтыса, қазір олардың үлесі 30 пайызға дейін төмендеген, деп хабарлайды turkystan.kz.

2026 жылғы шілдеде OpenRouter рейтингінің алғашқы бес орнын алғаш рет түгелдей қытайлық модельдер иеленді. Өңделген токен саны бойынша Xiaomi компаниясының MiMo V2.5 моделі бірінші орынға шықты. Одан кейін DeepSeek, MiniMax, Alibaba әзірлеген Qwen және Moonshot компаниясының Kimi модельдері орналасқан.

Қазір қытайлық модельдер OpenRouter арқылы өтетін трафиктің 60 пайыздан астамын өңдейді. Платформада бір апта ішінде 20 триллионнан астам токен қолданылады.

Қытайлық әзірлемелерге сұраныстың артуына олардың бағасы әсер етіп отыр. Мәселен, DeepSeek V4 Flash моделінде бір миллион кіріс токенін өңдеу 0,14 доллар тұрады. Ал GPT-5.5 қызметінің дәл осындай көлемі 5 долларға бағаланған. Яғни кейбір тапсырмаларда қытайлық модельді пайдалану америкалық баламадан 35 есеге дейін арзанға түседі. Жалпы, Қытайдың ашық модельдері АҚШ-тағы жетекші жүйелерден 60–90 пайызға арзан.

Сонымен бірге америкалық компаниялар күрделі ой қорыту, ұзақ мерзімді автономды тапсырмалар және ірі кәсіпорындарға арналған шешімдер бойынша технологиялық басымдығын әлі де сақтап отыр. Сондықтан OpenRouter көрсеткіштері бүкіл әлемдік ЖИ нарығын емес, әзірлеушілердің әртүрлі модельдерге сұранысын бір жерден бағыттайтын осы платформадағы нақты қолдану көлемін көрсетеді. Fortune басылымының сараптамасына сәйкес, қытайлық модельдердің басты артықшылығы – баға мен өнімділіктің тиімді арақатынасы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары