Елорадада 150 мыңға жуық адамға жалған хабарлама таратқандар ұсталды

/
Елорадада 150 мыңға жуық адамға жалған хабарлама таратқандар ұсталды
istockphoto.com

Астанада азаматтардың жеке деректері мен банк қаражатын иемдену үшін фишингтік хабарламаларды таратқан адамдар тобы анықталды. Төрт күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды turkystan.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап. 

Тергеу дерегіне сәйкес, биыл қаңтарда Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің бірінің азаматы Қазақстанда заңсыз қызмет ұйымдастыру үшін жергілікті тұрғынды ақшалай сыйақыға тартқан. Кейін қылмыстық схемаға арнайы жабдықтың жұмысын қамтамасыз еткен тағы бірнеше адам қосылған. Олар ұялы байланыс базалық станциясының жұмысын имитациялайтын «SMS-бластер» құрылғысын пайдаланған. Оның көмегімен байланыс операторларының сүзгілеу жүйелерін айналып өтіп, абоненттерге жаппай SMS жіберген.

4 күн ішінде Beeline, Kcell және Activ абоненттеріне белгілі компаниялардың атынан 150 мыңға жуық хабарлама жіберілген. SMS мәтіндерінде бонустарды айырбастау туралы ұсыныс көрсетіліп, жалған сайтқа апаратын сілтеме берілген.

Сілтемеге өткен азаматтардан жеке және банк деректерін, соның ішінде төлем картасының нөмірі мен өзге реквизиттерін, CVV кодын және SMS арқылы келген растау кодын енгізу сұралған. Осылайша күдіктілер азаматтардың құпия ақпаратына және банк қаражатына қол жеткізген. Қаржылық мониторинг агенттігі жүргізген шаралар барысында SMS-бластер тәркіленді. Сараптама құрылғының ақпаратты жасырын алуға арналған арнайы техникалық құрал екенін растаған.

Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 399-бабы 2-бөлігі бойынша тергеліп жатыр. Бұл бап ақпаратты жасырын алуға арналған арнайы техникалық құралдарды заңсыз дайындау, өндіру, сатып алу, өткізу немесе пайдалануға қатысты. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары