Алматы маңындағы таудан өлі табылған ер адам 19 жыл бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен альпинист болып шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұған дейін Алматы облысының Талғар ауданында шетелдік туристер белгісіз адамның денесін тауып алған болатын. Ол Северцев мұздығы маңында, теңіз деңгейінен шамамен 3 400 метр биіктікте ұзақ уақыт жатқан. Туристер оқиға туралы бірден Төтенше жағдайлар министрлігіне хабарлады.
ТЖМ құтқарушылары оқиға орнына барып, денені таудың жетуі қиын аумағынан эвакуациялады. Оны төменге жеткізуге «Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшағы тартылды.
Табылған адам туралы Алматы тұрғыны Анастасия Ахметова әлеуметтік желіде жазып, альпинистің табылған құрал-жабдықтарының суреттерін жариялаған. Бірнеше сағаттан кейін жазба авторымен Нелля Михеева байланысқа шыққан. Ол жоғалған альпинистің болжамды қызы болып шықты. Нелля суреттерден әкесінің рюкзагын таныған. Қыздың айтуынша, әкесі 2007 жылы жоғалып кеткен.
— 19 жылдан кейін әкемнің сүйегі табылды. Таңертең құрбым рюкзактың суреті бар жазбаны жіберді. Ол біздің рюкзакқа қатты ұқсайтын. Кейін дәл сол жазбаны күйеуім де жіберді. Мен ТЖМ-ге хабарластым. Олар маған денені түсірген құтқарушының және тергеушінің телефон нөмірін берді. Тергеуші барлық суреттер мен құжаттарды жіберуімді сұрады. Кейін қайта хабарласып, рюкзактың ішінен әкемнің атына жазылған жеке куәлік табылғанын айтты, — деді Нелля.