Өмір бойына сотталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты тың дерек шықты

/
Өмір бойына сотталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты тың дерек шықты
Фото-коллаж: kznews.kz

Атырауда төрт адамды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемәлиевтің ісі бойынша апелляциялық шағым түсті, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Сот кабинетіндегі" мәліметке сәйкес, шағым 2026 жылғы 29 шілдеде тіркелген. Алайда Сұлтан Сәрсемәлиевтің өзі әзірге апелляциялық сот алқасына жүгінбеген.

Атырау облыстық сотының хабарлауынша, үкім жарияланған кезде судья бірнеше мекеме басшысына қатысты жекеше қаулы шығарған. Апелляциялық шағым сол мекемелердің бірінен түскен.

Еске салайық, 2026 жылғы 14 шілдеде Сұлтан Сәрсемәлиев қайын жұртындағы төрт адамды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың мамырында Сәрсемәлиев жалдап тұрған үйінде қайын ағасы Наурыз Мұқанғалиевті пышақтап өлтірген. Кейін мәйітін үй маңына көміп, туыстары күмәнданбас үшін марқұмның атынан хабарламалар жіберіп отырған.

Сол жылдың қазанында ол Жангелдин ауылында тұратын бұрынғы қайын атасы мен енесін де өлтірген. Олардың денесін алдын ала қазылған жерге көмген.

Бұдан кейін Сәрсемәлиев бұрынғы әйелі Ақбаян мен қайын апасы Мейрамгүл Қарабалинаны Атырауға алып барған. Қалада Мейрамгүлді өлтіріп, мәйітін Наурыз Мұқанғалиев жерленген жердің маңына көмген.

Сот барысында оның адам өлтіруден бөлек, алаяқтық, ұрлық, құжаттарды иемдену, мүлікті талан-таражға салу және несие рәсімдеу сияқты бірқатар құқық бұзушылық жасағаны анықталған.

Сәрсемәлиев соттағы сөзінде жасаған әрекеттеріне өкінетінін айтқан. Алайда сонымен қатар болған жағдайға марқұмдардың өзін де кінәлаған.

Қылмыстық істі судья Зарема Хамидуллина қараған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары