Жанабыловтар отбасына қатысты іс тоқтатылды

/
Жанабыловтар отбасына қатысты іс тоқтатылды
әлеуметтік желіден

Астанада блогер Ерболат Жанабыловқа қатысты отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы әкімшілік іс тоқтатылды. Бұған ерлі-зайыптының татуласуы себеп болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Астана соттарының мәліметінше, 1 қазанда мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотта іс жабық режимде қаралған.

Іс материалдарында 30 қыркүйекте Ерболат Жанабыловтың үйде жанжал шығарып, жұбайы Эльмира Төлегенованың қолынан ұстап, оның тыныштығын бұзғаны көрсетілген. Бұл әрекет Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабының 1-бөлігі бойынша сараланған.

Сот отырысында Ерболат Жанабылов хаттамада көрсетілген жағдайларды растаған және жұбайымен татуласқанын айтқан.

Эльмира Төлегенова да сотта жұбайының өзін ұрып-соқпағанын, олардың арасында тек келіспеушілік болғанын түсіндірген.

"Жәбірленуші сотта жұбайы ұрып-соқпағанын, олардың арасында келіспеушілік болғанын түсіндірді. Сондай-ақ жұбайымен татуласу ниетін растап, татуласу туралы келісімге өз еркімен, шын ниетімен, қандай да бір қысымсыз қол қойғанын көрсетті. Ұсынылған дәлелдемелерді зерттей келе, сот оларды жол берілетін және қаралып отырған іске қатысты деп таныды", – делінген сот хабарламасында.

Тараптар жазбаша татуласу келісімін сот отырысында да растаған. Соның негізінде іс бойынша өндіріс тоқтатылған.

Әзірге сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары