Қостанайда құны 14 млрд теңгеден асатын жаңа кондитерлік кешен іске қосылады

/
Қостанайда құны 14 млрд теңгеден асатын жаңа кондитерлік кешен іске қосылады
Фото: Баян Сұлу баспасөз қызметі

Қостанайда «Баян Сұлу» АҚ-ның жаңа технологиялық өндірістік кешені іске қосылады. «Кондитерлік астана» деп аталатын нысанның тұсаукесері 19 тамызда өтеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Инвестициялық жобаның құны 14 млрд теңгеден асады. Жаңа өндірістік желілер кәсіпорынның қуатын жылына 16,6 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Кешен толық қуатына шыққан жағдайда компания жылына 68 мың тоннаға дейін кондитерлік өнім өндіре алады.

Жаңа кешенде бисквит пен печенье өндірісінің көлемі ұлғайтылады. Сонымен қатар қазақстандық ауыл шаруашылығы шикізатын, оның ішінде ұн мен сірнені өңдеу көлемін арттыру жоспарланған. Өндіріс іске қосылғаннан кейін 260 жаңа жұмыс орны ашылады.

Компания өкілдерінің айтуынша, жоба отандық кондитерлік өнім өндірісін ұлғайтып қана қоймай, жергілікті шикізатты тереңірек өңдеуге, қосылған құны жоғары өнім шығаруға және экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Іс-шара барысында БАҚ өкілдеріне жаңа өндірістік кешен таныстырылып, кәсіпорынның жұмыс барысы көрсетіледі. Компания басшылығы инвестициялық жоба, жаңа өндірістік желілердің мүмкіндіктері және кәсіпорынның алдағы жоспарлары туралы ақпарат береді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары