Орал, Тараз қалалары мен Абай облысында «Әділет» партиясының сайлауалды штабы өкілдері халықпен кездесіп, тұрғындар мен кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кездесулерде отандық өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, халық табысын арттыру және әлеуметтік мәселелерге басымдық берілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Адам еңбегі бағаланса, қоғам да күшейеді
«Әділет» партиясының Абай облыстық сайлауалды штабының мүшесі, Құрылтай кандидаты Эрлан Батырбеков «Байкал» кәсіпорнының мамандарымен кездесті.
Құрылтайға кандидат Эрлан Батырбеков кездесуде маңызды сауалға назар аударды: Қазақстанды 10, 20, 30 жылдан кейін қандай ел ретінде көргіміз келеді? Оның пікірінше, бұл сұрақтың жауабы адамның еңбегі, отбасы, қауіпсіздігі және ертеңгі күнге деген сенімінен басталады.
«Елдің болашағын тек экономикалық көрсеткіштермен өлшеуге болмайды. Адам өз еңбегінің бағаланатынын, отбасының қауіпсіз әрі тұрақты өмір сүретінін сезінсе, ол болашағын туған жерімен байланыстырады. Сондықтан мемлекет үшін еңбек адамының әл-ауқаты — стратегиялық мәселе», — деді Эрлан Батырбеков.

Кездесуде партия бағдарламасындағы лайықты жалақы, қауіпсіз еңбек жағдайы, сапалы білім, қолжетімді медицина, жаңа жұмыс орындары және заманауи инфрақұрылым сияқты басымдықтар талқыланды.
Адамның еңбегі бағаланса — отбасы нығаяды, қоғам күшейеді, мемлекет тұрақты дамиды. «Әділет» партиясының бағдарламасы осы қағидатты негізге алады.
Өндіріс саласына қолдау күшеймек
Орал қаласында «Әділет» партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында өндіріс саласының өкілдерімен кездесу өтті.
Іс-шараға «Әділет» партиясы штабының мүшелері Абзал Насиоллаев пен Архат Исламғалиев қатысып, «Аққайнар» ЖШС ұжымына партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарын таныстырды.
Кездесу барысында жергілікті өндірісті дамыту, отандық кәсіпорындарды қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қолжетімділігін сақтау мәселелері көтерілді.
Спикерлер отандық өндірісті дамытудың ел экономикасын нығайтудағы маңызына тоқталды. Жергілікті кәсіпорындардың өндірістік әлеуетін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету – экономикалық тұрақтылықтың маңызды факторлары екені атап өтілді.

Сонымен қатар, өндіріс орындарының тұрақты жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау, кәсіпкерлікті қолдау, өндірістік қуаттарды жаңғырту және заманауи технологияларды енгізу қажеттігі сөз болды.
Жиын барысында кәсіпорын қызметкерлері өздерін толғандырған мәселелерін айтып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Партия өкілдері азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, көтерілген ұсыныстардың маңызын атап өтті.
Кәсіпкерлер көкейдегі мәселелерін айтты
Тараз қаласындағы «Қайкармет» базарында облыстық сайлауалды штаб мүшелері саудагерлермен, кәсіпкерлермен және сауда орнына келген азаматтармен тікелей тілдесіп, олардың күнделікті өмірі мен кәсібіне қатысты мәселелерін тыңдады.
Кездесу барысында тұрғындар азық-түлік бағасының тұрақтылығы, халықтың табысын арттыру, әлеуметтік қолдаудың тиімділігі және өмір сүру сапасын жақсарту мәселелерін көтерді. Сауда саласында еңбек етіп жүрген азаматтар кәсіпкерлікті дамытуға, бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасауға және экономикалық белсенділікті арттыруға қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Партия өкілдері азаматтардың сауалдарына жауап беріп, көтерілген мәселелердің «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен сабақтас екенін атап өтті.

Бағдарламада азаматтардың әл-ауқатын арттыру, халық табысын өсіру, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа сапалы жұмыс орындарын құру және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған нақты міндеттер белгіленген.
Облыстық штаб мүшелерінің айтуынша, мобильді үгіт-насихат топтарының ерекшелігі – азаматтарды арнайы бір орынға жинамай, халық көп шоғырланатын жерлерге барып, тұрғындармен күнделікті өмір сүріп жүрген ортасында тікелей сөйлесу.
«Қайкармет» базарындағы кездесу барысында азаматтар партия өкілдеріне сауалдарын қойып, өз ұсыныстарын тікелей жеткізді. Көтерілген мәселелер облыстық сайлауалды штаб тарапынан тіркеліп, алдағы жұмыс барысында ескеріледі.