"Астана – Щучинск" тасжолында ұйықтап кеткен көлік жүргізушісі жол апатына түсті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жол апаты бүгін тағңғы сағат 08:43-те Астананың кіреберісінде болған. Toyota Land Cruiser Prado жүргізушісі рөлде ұйықтап кетіп, үшінші және төртінші жолақтардағы жол белгісін, қорғаныш буфері мен бетон блокқа соғылған. Көлік аударылып кетті.
"Абырой болғанда, оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Жүргізуші көлікте жалғыз болған және медициналық көмектен бас тартқан", - делінген ресми хабарламада.
Жол апаты салдарынан үшінші және төртінші жолақ үш сағаттай жабық болды.
"Бүгінгі жағдай көлік пен жол инфрақұрылымының зақымдануымен ғана аяқталды. Ал басқа жағдайда бірнеше секундтық ұйқының салдары әлдеқайда ауыр болуы мүмкін. Сондықтан көз ілініп бара жатса, "аз қалды" деп тәуекел етпеу керек. Қауіпсіз жерге тоқтап, міндетті түрде тынығып алыңыз", - дейді "ҚазАвтоЖол" мамандары.
Айта кетері, ақылы жолдағы зақымдалған инфрақұрылым нысандары кінәлі адамның есебінен жөнделеді.