Павлодарда көлік әйнектеріне бақылау күшейтілді

/
Павлодарда көлік әйнектеріне бақылау күшейтілді
istockphoto.com

Павлодар облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көлік құралдарының әйнектерін күңгірттеуге қатысты талаптардың сақталуына бақылау күшейтілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Көлік әйнектерінің шамадан тыс күңгірттелуі жүргізушінің көру мүмкіндігін шектеп, жолдағы жағдайды дер кезінде бағалауына кедергі келтіруі мүмкін. Әсіресе алдыңғы және алдыңғы бүйір әйнектердің жарық өткізу деңгейіне қойылатын талаптарды сақтау маңызды.

Павлодар – Қызылорда автожолында патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері алдыңғы бүйір әйнектеріне жүргізушінің көру мүмкіндігін шектейтін күңгірттеу жабыны жапсырылған автокөлікті тоқтатты.

Сондай-ақ Павлодар қаласында Toyota автокөлігінің жүргізушісі алдыңғы әйнегіне жарық өткізуді шектейтін жабын жағылған көлікті басқарғаны анықталды.

– Техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралдарын басқарған жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Павлодар облысы ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Айдын Нурумов.

Полиция көлік иелерін белгіленген талаптарды қатаң сақтауға және жүргізушінің көру мүмкіндігін шектейтін күңгірттеу пленкаларын, жапсырмаларды, перделерді және өзге де құрылғыларды пайдаланбауға шақырады.

Жолдағы қауіпсіздік ең алдымен жүргізушінің айналаны толық көріп, жағдайдың өзгеруіне дер кезінде әрекет ете алуына байланысты. Сондықтан көлік әйнектерінің талапқа сай болуы – тек заң талабы емес, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары