Астанадағы «Салт» тұрғын үй кешенінің ерекше дизайны желі қолданушыларының назарын аударды. Белгісіз желі қолданушысы тұрғын үй кешенінің кіреберістерін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кешеннің басты ерекшелігі – әр кіреберіске қазақ халқының салт-дәстүрлеріне қатысты жеке атау берілуі. Тұрғын үй кешені ұлттық нақышта безендіріліп, кіреберістердің әрқайсысына белгілі бір дәстүрдің атауы қойылған.
Мәселен, 1-подъезд – «Атастыру. Құда түсу», 2-подъезд – «Сырға салу», 3-подъезд – «Қыз ұзату», 4-подъезд – «Беташар» деп жалғаса береді. Соңғы 10-подъезд «Сүндет той» деп аталады.
Мұны көрген желі қолданушылары түрлі пікір жазып жатыр. Біреулер бұның креатив идея екенін айтса, екіншілер бұл шешім заманауи тұрғын үй сәулетінде ұлттық құндылықтарды танытудың құралы деп жазуда.