611
Сауд Арабиясы Корольдігінің делегациясы ҚР Энергетика министрлігіне келді
Сауд Арабиясы Корольдігінің делегациясы ҚР Энергетика министрлігіне келді
2017 жылғы 28 сәуірде Сауд Арабиясы Корольдігінің Энергетика, өнеркәсіп және минералды ресурстар министрі Халед Аль-Фалехтің басшылығымен Сауд Арабиясы Корольдігінің делегациясы ҚР Энергетика министрлігіне келді. Бұл туралы BNews.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Делегация құрамында Saudi Aramco (Мұнай және газ), Sabic (мұнай-газ-химия) және Maaden (тау-кен өнеркәсібі) ірі Сауд Арабиясы Корольдігі компанияларының басшылары бар.
Кездесу барысында тараптар 2016 жылғы қазандағы Эр-Риядтағы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың сапары аясында қол жеткізілген бірқатар уағдаластықтарды талқылады. Тараптар мұнай-химия, атом өнеркәсібі және жаңартылатын энергия көздері салаларында екі жақты ынтымақтастықты нығайту мәселелерін қарастырды.
Атап айтқанда, тараптар екі елдің ынтымақтастығын келесі бағыттарда дамыту мәселелерін талқылады: бірлескен мұнай-газ-химия жобаларын іске асыру; атом өнеркәсібі саласында ынтымақтастықты кеңейту; Сауд Арабиясы АЭС-ін ядролық отынмен қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін зерделеу, сондай-ақ уран кен орындары мен технологияларын әзірлеу саласында тәжірибе алмасу.
Сонымен қатар Сауд Арабия Корольдігінің жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласындағы әлеуетін ескере отырып, тараптар бірлескен жобаларды және оларды іске асырудағы тәжірибемен, сондай-ақ ЖЭК саласын тиімді қолдау жүйесімен алмасудағы ықтимал ынтымақтастықты қарастырады.
Бұдан басқа кездесу барысында ведомство басшысы Қанат Бозымбаев Қазақстанның ОПЕК шеңберінде қабылдаған міндеттемелерін биылғы жылдың қаңтар айында орындағаны туралы атап өтті. Өндіру көлемі тәулігіне 1,673 мың баррельді құрады, ал 2017 жылғы қаңтар-наурыз есепті кезеңі ішінде 2016 жылғы қараша айымен салыстырғанда өндіру көлемі сәл асты. Сонымен бірге Қазақстан 2017 жылғы бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша қабылдаған міндеттемелерді орындау үшін бар күш-жігерін салып жатыр.
Сауд Арабия Корольдігінің делегациясы Қазақстанда биылғы жылдың 29 сәуіріне дейін болады. Жұмыс сапары шеңберінде Сауд Арабия Корольдігінің энергетика министрі ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевпен, «Астана ЭКСПО-2017» АҚ басқарма басшысымен, Қазақстан Республикасының инвестициялар және даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлерімен кездеседі.