«Үйленуді қиындатпаңдар»: Блогер Мөлдір Анарбаева тойдағы ысырапшылдықты сынады

/
«Үйленуді қиындатпаңдар»: Блогер Мөлдір Анарбаева тойдағы ысырапшылдықты сынады
Әлеуметтік желіден

Танымал блогер Мөлдір Анарбаева қазақтың тойларында соңғы уақытта көбейіп кеткен түрлі кәделер мен шығындарды сынға алды. Ол халықты әр нәрсені салт-дәстүрге айналдырып, жастардың үйленуін қиындатпауға шақырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Блогердің айтуынша, бүгінде қалыңмал мен сүт ақысына қоса, «әке күші», «тоғыз» секілді түрлі кәделердің түрі көбейіп барады.

«Тойдың кәдесін көбейтпей, үйленуді қиындатпайық деп айтып жатырмыз. Бірақ ешкім тыңдамайды. Бір кәде шықса, артынан тағы бірі қосылады», – деді ол.

Мөлдір Анарбаева әсіресе «тоғыз» кәделерінің түр-түрге бөлініп кеткеніне наразылық білдірді. Оның сөзінше, кей жерлерде құдаларға, көршілерге, нағашылар мен жиендерге арнайы «тоғыз» жасау дәстүрге айналып барады.

«Жоқ дүниені салт-дәстүрге қосып жатырсыңдар. Той иелеріне көмектескілерің келсе, көмектесіңдер. Бірақ кейін жаңа кәде ойлап тауып, халыққа қосымша шығын түсірмейік», – деді блогер.

Ол қазақ қоғамында кейде адамға қуаныш пен берекеден гөрі, елдің сөзі мен сыртқы пікіріне мән беру басым екенін атап өтті.

Мөлдір Анарбаева жұртты жаңа дәстүр ойлап тауып, оны міндетке айналдырмай, тойдың мәнін қарапайым әрі мағыналы етуге шақырды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар